×

«Мемлекеттік адвокат ақша сұрады»: Қаңтар бойынша екі ұлы сотталған әйелдің сұқбаты

Бақытгүл Әлімжанованың екі ұлы да бес жылға бас бостандығынан айырылды

 Халық үні 27.07.2022 | 11:37
Halyq Uni / Esdaulet Qyzyrbekuly

Қаңтар оқиғасы кезінде қару ұрлағаны үшін бір үйдің екі баласы бес жылға бас бостандығынан айырылды. Олар кінәсін мойындаған, тергеу барысында ұрып-соғу болмағанын айтқан. Ал сотталған екі азаматтың анасы Бақытгүл Әлімжанова үлкен ұлының үш баласы асыраушысыз қалғанын айтады. Әйел Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында мемлекеттік адвокаттың әрекеті мен сот отырысының онлайн өткеніне көңілі толмайтынын жеткізді. Енді ол жазаны шартты түрге ауыстыруды сұрап отыр.

– Ұлдарыңызды не себепті ұстады? 5 қаңтарда олар қайда болған?

– Үлкен ұлым Жомарт Әбілбай 26-да, екінші ұлым Дәулет 22 жаста. Ұлдарымды қылмыстық кодекстің 291-бабы 3-бөлігі 4-тармағы («қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу») бойынша айыптап отыр. Екеуі бес айдан бері қамауда отыр. 2 маусымда сот үкімі шықты. Екеуін бірдей бес жылға бас бостандығынан айырды. Олар 5 қаңтарда интернет жұмыс істемеген соң не болып жатқанын білу үшін көшеге шыққан. Сайын мен Шаляпин көшелерінің қиылысында адамдардың жиналғанын көріп, сол жерге барған. Ол жерде қару-жарақ дүкені бар екенін білмеген. Дүкен жанында бетінде маскасы бар адам «кіріп алыңдар» деген. Содан олар дүкеннің ішіне кірген. Кірген кезде қолына қорап ұстатқан. Қорапты алған. Саялы ықшам ауданына келіп, зираттың қасында қорапты ашқан. Ішінде қару барын көрген. Қорқып, қаруды сол жерге тастап кеткен. Бір кісі арқылы 102-ге хабарласып, қарудың қай жерде жатқанын айтқан. Өздері хабарласса, қамап тастайды деп қорыққан.

– Ұлдарыңызды қамағаннан кейін олармен кездестіңіз бе?

– 2 ақпанда кіші ұлымды кешкісін жұмыстан шыққан кезінде ұстаған. Үлкен ұлымды дүкеннен шыққан кезде алып кетіпті. Екеуін Әуезов ауданының полиция басқармасына қамаған. 3 ақпанда ұлым хабарласып, полицияға келуімді сұрады. Полицияға барып, не болғанын сұрадым. Тергеушілер «ұлдарыңыз қару ұрлаған» деп жауап берді.

Үлкен ұлымды қолына кісен салып алып келді. Ол «солай болды, кешірші» деп менен кешірім сұрады. Түнде адвокат қатыстырмай тергеген екен. Біз оның ішінде не болғанын білмейміз ғой. Екі ұлымнан «сендерді ұрып мойындатты ма?» деп сұрадым. Екеуі де «жоқ» деп жауап берді. Қасындағылардан да сұрадым, олар да дәл солай жауап берді. Содан кейін жеке сөйлесуге болмайтынын айтып, сыртқа шығарды.

– Сіздерге мемлекеттік адвокат бөлінді ме?

– 3 ақпанда түнгі сағат он бірде адвокатпен кездестік. Бес балаға бөлінген үш адвокат келді. Жомарттың (үлкен ұлы – ред.) адвокаты «150 мың теңге төлейсің» деді. Ол адвокаттың аты-жөні есімде қалмапты. Жасы үлкен кісі еді. Мен ол кісіге «сіздерді мемлекеттік адвокат деді ғой, тегін қызмет көрсетпейсіздер ме?» деп сұрадым. Ол «қайдағы тегін қызмет, үкімет бізге қанша ақша төлейді дейсің. Істі жүргізсін десең, әр балаға 150 мың теңге төлейсің» деп зекіп тастады. Сөйтіп басқа ата-аналармен ақылдасып, басқа адвокат іздедік.

– Ұлыңыздың үш баласы бар екені ескеріліп, жазасы жеңілдетеді деп ойладыңыздар ма?

– Сот барысында жігіттердің дүкенге кіргені түсірілген видеожазба бар деді. Бірақ мен оны көрмедім. Қанша рет өтініп сұрасам да, бізге көруге болмайтынын айтты. Адвокат көрді. Ол барлығы видеода анық көрініп тұр, бет-әлпеті бейнебақылауға анық түскен деді.

Екі ұлыммен кездескен кезде азаптау, ұрып-соғу болмағанын айтты. Үкім шыққанша ештеңе айтпады. Үкім шыққан соң қайта сұрадым. «Олай болады ғой, біз бірақ не деп айта аламыз, барлығы қағаз жүзінде іске асып кетті ғой» деді.

Осы уақытқа дейін адвокат қолынан келгеннің бәрін істеді. Сот екі ұлымның жасын, қылмысқа әдейі бармағанын ескеріп, шартты жаза беруі мүмкін екенін айтты. Шулатпай, үндемеуімізді өтінді. Әуелі Аллаға, содан кейін сотқа үміт арттық. Еш жерден көмек сұрамадық. Бірақ сот бес баланы бес жылға соттады. Сотта үлкен ұлымның үш баласы барын, отбасының жалғыз асыраушысы екенін, әйелінің жақында босанғанын айттым. Бірақ оған қарамады, бес жылға бас бостандығынан айырды.

Аудандық сот қалалық сотсыз ештеңе істей алмайды. Ол Жоғарғы сотқа қарайды. Келешекте Жоғарғы сот ештеңе істемесе, біз қайда барамыз? Кімнен көмек сұраймыз? Сот отырысы онлайн өтті. Адвокат сот отырысын дәстүрлі форматта өткізуге бірнеше рет рұқсат сұрады. Бірақ оған рұқсат берген жоқ.

Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы қаласы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама