«Астанаэнергосбыт» бұдан бұлай электр есептегіштердің көрсеткіштерін алмайды
Енді «Астана-АЭК» АҚ қызметтерді кезең-кезеңімен көрсете бастайды
«Астана-АЭК» АҚ 2022 жылғы бірінші шілдеден бастап көппәтерлі тұрғын үй қоры (КТҮҚ) бойынша қосымша қызметтерді көрсете бастады. Атап айтқанда, аталмыш ұйым электр энергиясын есепке алу аспаптарынан көрсеткіштерді алу, абоненттерді пломбалау, ажырату және желілерге қосу және тағы басқа қызметтерді кезең-кезеңімен өзі атқаратын болды.
Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтында жарияланған хабарламада «Астана-АЭК» АҚ-ы көппәтерлі тұрғын үй қоры бойынша төмендегі қосымша қызметтерді орындайды:
- КТҮҚ электр энергиясын есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін ай сайын алу (пәтерде орнатылған есепке алу аспабы жағдайында техникалық жай-күйін тексеру үшін бақылаушының рұқсаты қажет). Есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін беру арқылы тұтынушының өзіне-өзі қызмет көрсетуіне айдың 10-күнінен бастап айдың соңына дейін жол беріледі;
- Есепті айдағы электр энергиясының көлемімен тізілімді қалыптастыру және көрсетілген қызметтер үшін МТЖ-ға есептеу үшін энергиямен жабдықтаушы ұйымға мәліметтер беру;
- КТҮҚ және кондоминиум объектілерінде электр энергиясын коммерциялық есепке алу жүйесін пломбалау;
- КТҮҚ -да электр энергиясын есепке алудың дұрыстығын тексеру, ұрлауды және шартсыз пайдалануды анықтау;
- КТҮҚ тұтынушыларымен, жеке сектормен және заңды тұлғалармен энергиямен жабдықтау шартын жасасу үшін құжаттарды жинау және оларды энергиямен жабдықтаушы ұйымға беру;
- Дебиторлық берешек үшін желілерден МТФ тұтынушыларын ажырату/қосу. Тұтынушы тұтынылған электр энергиясы үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сараланған есепке алу жүйелері бойынша төлемді уақтылы жүргізуі қажет.
Жоғарыда аталған қызметтерді бұған дейін энергиямен жабдықтаушы ұйым – «Астанаэнергосбыт» ЖШС жүзеге асырып келгенін атап өткен жөн. Енді «Астана-АЭК» АҚ, яғни 1 шілдеден бастап Есіл ауданы, 1 тамыздан бастап Сарыарқа ауданы, 1 қыркүйектен бастап Алматы ауданы, 1 қазаннан бастап Байқоңыр ауданы бойынша жоғарыда айталған қызметтерді кезең-кезеңімен көрсете бастайды.
Біз бұған дейін «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ға жоспардан тыс тексеру жүргізілгені, нәтижесінде ұйымның 6 млн теңге айыппұл арқалағаны және «жеген» ақшасын барлық тұтынушыға қайтаруға міндеттелгені туралы жазған болатынбыз.