×

Қытай билігі көшелерге танкілерін шығарды. Елде қаржылық сала дағдарысы өршіді ме?

Ашынған жұртшылық көшелерде бүлік ұйымдастырып, салымдарын тез арада қолына беруді талап етті

 Қанат Атаманов 22.07.2022 | 20:30
Фото: ашық дереккөздерден

Халықаралық ақпарат құралдары наразы халықтан банктерді қорғау үшін Қытай билігінің көшелерге танктерді енгізгені туралы ақпарат таратты. Бұл халықаралық қоғамдастықты тіксінтті. Себебі, осыдан 32 жыл бұрын Тяньаньмэнь алаңында жаңғыруларды талап еткен қытай студенттеріне қарсы танктер шығып, қанға бөккен болатын. Бұл жолғы жағдай өзгеше көрінеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бұл оқиға Хэнань провинциясында болған. Қытай банкі жүйенің жаңартылуы барысында бірнеше банктердегі есепшоттар бұғатталғанын жариялады. Хэнандағы Yuzhou Xinminsheng Village Bank, Shangcai Huimin County Bank, Zhecheng Huanghuai Community Bank және New Oriental Country Bank of Kaifeng, сондай-ақ Аньхой провинциясындағы Guzhen Xinhuaihe Village Bank клиенттері зардап шекті.

Жаңалықты естіген халық көшелерді толтырды. Проблема әзірге тек қос провинцияны қамтығанымен, қытайшы-сарапшылар мұны соңғы жылдардағы ең үлкен банктік дағдарысқа бағалап отыр. Жергілікті тұрғындардың депозиттерінен шамамен 40 млрд юань (6 млрд доллар) қаражат жоғалып кеткен. Жұңғолық банктерде клиенттердің салымын сақтандыру жүйесі қарастырылмаған, салдарынан халық жинағын қайтара алмауы ықтимал.

Содан ашынған жұртшылық көшелерде бүлік ұйымдастырып, салымдарын тез арада қолына беруді талап етті. Қытай қазағы, қаржыгер Мұқит Жәмиян бұл дағдарыс өзге өңірлерге таралуы мүмкін деген пікірін білдірді. Өзге қалаларда салымын шешіп алуды қалағандар көбейген, ұзын-сонар кезектер қалыптаса бастағаны туралы хабар бар.

Оның айтуынша, бұқаралық бас көтерулер қос провинцияда бүгін басталған жоқ, бірнеше аптадан бері жалғасуда. Қазір күш алғандықтан, қауіпсіздік органдары ауыр техниканың көмегіне жүгінуге кіріскен.   

Қытайда халықтың қаржы ұйымдарына, банктерге басы байлаулы, барлығы цифрлы юанға, электронды есеп айырысуға көшіп алған. Қазақстандағыдай шытырлаған купюраларды пайдаланбайды деуге болады. Қолма-қол ақша ұстайтындарға қайта сезікпен қарайды. Еңбекақы электронды күйде түсіп, ол банкте қалады. Яғни банк бұғаттаса, күнделікті тамағын сатып ала алмауы мүмкін. ҚХР-ға алапат адам шығынынан құтылуға мүмкіндік берген «zero-COVID» саясаты бір жағынан халықтың жұтауына соқтырды. Тұрғындардың шектеулерден төзімі таусылса керек. Банктер де басынып алды, әрнені бір сылтау етіп, несие беруді шектейді. Күні үшін күлін жеуге қашанғы шыдасын, біраз жан ашуға мінген. Жағдай Қытайда шынымен күрделі, – дейді ол.

Әзірше ғаламторда ақпарат шектеулі, не болып жатқаны ақырына дейін анық емес. Зардап шеккендер бар деген мәлімет таралуда. Қаржылық-несие ұйымдары, банктер есепшоттардың, жинақтардың бұғатталуына жүйенің жаңартылуы (апгрейд) себеп болғанына, яғни уақытша проблема екеніне сендіріп бағуда.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама