×

Бақытгүл Хаменоваға қатысты басты сот отырысы қашан өтетіні белгілі болды

Атырау облысы әкімінің орынбасары 2021 жылдың желтоқсанында тергеу изоляторына қамалды

 Айнұр Асылбекқызы 22.07.2022 | 17:29
Parlam.kz

Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты басты сот отырысы өтетін күн белгілі болды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Сот отырысы 3 тамызда сағат 09:30-да Атырау қаласының №2 сотында өтеді.

Хаменоваға қатысты қылмыстық іс Атырау қаласының №2 сотына 31 мамырда түсті. Бұған дейін облыстық соттың баспасөз қызметі басты сот отырысы 14 маусымда өтетінін, істі судья Дауренбек Даумов қарайтынын хабарлады. 

Алайда сол уақытта судья Даумов басқа қылмыстық іс бойынша кеңесу бөлмесінде болып, сот отырысы 12 шілдеге ауысты.

Судья Дәуренбек Даумов 11 шілдеде президент жарлығымен Есіл ауданының №2 сотына судья болып тағайындалды. Соған байланысты Бақытгүл Хаменоваға қатысты іс басқа судьяға тапсырылды.

Айта кетейік, Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова 2021 жылдың желтоқсанында тергеу изоляторына қамалды. Хаменова мен облыстың мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев Атырауда Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді.

Бақытгүл Хаменова 2017 жылдың көктемінде мәжіліс депутаты болып тұрған кезде әлеуметтік желіде танымал болды. Ол елордадағы Астана әуежайына сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беру туралы ұсыныс айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама