Осы жерде Тоқаев құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласындағы Мұхтар Әуезовтің музей-үйінде жазушының бюстін ашып, құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Ақорданың БОРТ №1 Теlegram-арнасының хабарлауынша, Мұхтар Әуезовтің Шолпан-Атадағы үйі 1959 жылы салынған. Қазақтың ұлы жазушысы бұл үйде 1959-1961 жылдары тұрып, жұмыс істеген. Сондай-ақ өзінің «Өскен өркен» атты соңғы романын жазуды бастаған.
Бірақ аяқтап үлгермеді. 1970 жылы қыркүйекте мұнда Мұхтар Әуезовтің кітапхана-музейінің ресми ашылу рәсімі өтті. Қазір музейде жазушының жеке заттары: үстел, орындықтар, тербелмелі кресло, үстел сағаты, киім ілгіш, кітап шкафы, кітаптар сақталған.
Жазушының қызы Ләйлә Мұхтарқызының бастамасымен кітапханаға алғашқы 5000 дана кітап жиналды. Қазір кітапханадағы кітап қоры – шамамен 12000. Кітапхана-музейде семинарлар, оқу конференциялары, кездесулер өткізіліп тұрады.
Бұған дейін Мұхтар Әуезовтің бюстін жасаған қырғыздың белгілі мүсіншісі Тамила Маматова Halyq Uni тілшісіне сұқбат беріп, жазушының мүсінін ақпан айының соңында Ыстықкөлде орнату жоспарланғанын айтқан еді.