Halyq Uni логотип
×

Махамбет Әбжан 50 млн теңгені алуға қалай келіскенін айтты

Журналист саясаткерлер мен шенеуніктерді сынағанын, алайда кімнің арандатушылықты ұйымдастырғанын білмейтінін айтты

 Халық үні 20.07.2022 | 22:42
Махамбет Әбжан 50 млн теңгені алуға қалай келіскенін айтты
ашық дереккөзден

Кәсіпкерден аса ірі мөлшерде ақша бопсалады деген күдікпен ұсталған журналист-блогер Махамбет Әбжан америкалық «The diplomat» басылымына берген сұхбатында 50 миллион теңгені алуға қалай келіскенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Журналист ақша алуға барғанын мойындады, алайда оқиғаны арандатушылық деп есептейді. Әбжанның айтуынша, оған өзін Асқар деп таныстырған ер адам хабарласып, бизнесмен Рашит Махаттың көмекшісі екенін айтқан. Артынша екеуі кездесіп, Асқар Telegram-да жарияланған мақаладан кәсіпкердің атын алып тастау үшін қанша ақша сұрайтынын білген.

Асқар бастығының өзі туралы ақпаратты алып тастауын өтінгенін және ол үшін ақша төлеуге дайын екенін жеткізді. Қанша сомма ұсынатынын сұрадым. Асқар кез келген соманы атауға болатынын айтты. Кейіннен 50 миллион теңге сұрайтынымды жаздым. Осылайша, ұсынысынан бас тартады деп ойладым. Алайда, ол айтқан бағаға келісті. Абдырап қалдым, алайда бұл ұсынысқа келістім, - дейді Махамбет Әбжан.

Журналистің айтуынша, мақалада Махаттың айтарлықтай рөлі жоқ болмағандықтан өшіруге келіскен.

«Мен келешекте ол туралы қандай да бір ақпарат жариялаймын деп бопсалаған жоқпын. Бұл арандатушылық болды», - дейді Әбжан.

Сондай-ақ, ол саясаткерлер мен шенеуніктерді сынағанын, алайда ішінде кімнің арандатушылықты ұйымдастырғанын білмейтінін айтты.

Айта кетейік, Махамбет Әбжанды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері ұстады. Оны ұстауға кәсіпкерлерді бопсалауы себеп болған. Содан кейін Нұр-Сұлтан қаласының тергеу соты Махамбет Әбжанның екі айға қамауға алынғанын хабарлады.

Журналист және блогердің Telegram каналын 19 мыңға жуық адам оқиды. Оның мақсаты «инсайдерлер, тергеу, репортаждар» деп көрсетілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама