Ауыл тұрғындары джипімен жылқыны таптаған ер адамның үйін өртемекші болған (ВИДЕО)

Қанат Атаманов

Оқиға орнына дереу патрульдік полиция жасағы мен Іле аудандық Полиция бөлімінің басшылығы барды

Фото: inform.kz

Алматы облысы Междуреченск ауылының тұрғындары 18 шілде күні кешкі сағат 22.00 шамасында жерде жатқан буаз биені көлігімен қасақана таптаған ер адамның үйіне жиналған. Мұны қалалық Полиция департаменті растады.

Шамамен 22.00-де үй иесінің балалары баспананың сыртында біреулердің жүргенін естіген. Жер үйдің қоршауы жоқ болғандықтан аулаға емін еркін кірген адамдар терезелерді қағып, оған тастарды лақтырған. Бұл аздай есіктерді сындырған. Полиция жиналған адамдардың көптігінен, оларға ештеңе істей алмапты.

Көлік иесінің үйінің жанына шамамен 20-25 жергілікті тұрғын жиналған. Хабарлама аудандық Полицияның кезекші бөліміне келіп түскеннен кейін оқиға орнына дереу патрульдік полиция жасағы мен Іле аудандық Полиция бөлімінің басшылығы барды. Тәртіп сақшылары жиналған бір топ адаммен түсіндірме әңгіме жүргізді. Содан кейін олардың барлығы үйлеріне тарады, – деді департамент өкілдері.

Бірақ кетіп бара жатқанда олар «үйді өртейміз» деп айқайлаған.

Айта кетерлігі, ешкім қоғамдық тәртіпті бұзған жоқ.

Біз бұған дейін Алматылық жерде жатқан буаз биені джиппен әдейі басып өткені және оның кейін бұл қылығы үшін жұрттан кешірім сұрағаны туралы жазған болатынбыз.