×

Мемлекет басшысы инфляцияның шарықтап кеткенін мойындады

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты

 Дастан Жұмабекұлы 14.07.2022 | 14:00
Көрнекі фото

Бүгін Үкіметтің кейейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Ұлттық банктің негізгі міндеті инфляцияны тұрақтандырып, халықтың табысын арттыру болуы тиіс екенін ескертті.

Бұл туралы Ақорда хабарлады. 

Мемлекет басшысы еліміздің күрделі геосаяси сын-қатерлерге қарамастан, бірқалыпты дамып келе жатқанын атап өтті. Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша экономика 3,4 пайызға, ал нақты сектор 4,1 пайызға өскен. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі саласында айтарлықтай ілгерілеу бар.

Инфляция бір орында тұрған жоқ. Қазір бұл көрсеткіш 14,5 пайызға жетіп, 2015 жылғы деңгейден асып түсті. Бірінші жартыжылдықта экономикамыз қалпына келді. Бірақ халықаралық институттар Қазақстанның ішкі жалпы өнімі биыл 2 пайызға ғана өседі деп болжап отыр. Бұған дейін олар өсім 3,7 пайыз болатынын айтқан еді. Сондықтан Үкімет ел экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз етуге тиіс. Ең бастысы, азаматтардың нақты табысын арттыру қажет, – деді Президент.

Ол Үкіметтің қымбатшылықпен күресудегі шала жұмысын сынап, Министрлер кабинетінің қазіргі жұмысына орташа баға берді.  

Бірінші мәселе. Инфляцияны тұрақтандыру. Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселеге айналып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы, азық-түліктің кейбір түрі 80 пайызға қымбаттады. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның үстіне, Үкіметтен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни, қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр. Ал шын мәнінде керісінше болуы керек еді, – деді Тоқаев.

Президент Үкіметтің тағы бір қателігін айтты. Ол Министрлер кабинетінің бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойғанын атап өтті.

Өмірге деген жаңа көзқарас, тың идея жоқ. Басқа тәсілдер мен идеялар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан өңбейді. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстанымдар жоқ, –  деді Тоқаев.

Президент Үкіметтің жедел әрекет ететін оперативтік штаб қана емес, нақты реформаларды ұсынатын және жүргізетін басты мемлекеттік мекеме болуы керектігін ескертті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама