×

Түркістанда ойынхананы ойыншық тапаншамен тонаған күдіктілер ұсталды

Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр

 Дәурен Ерболат 11.07.2022 | 09:34
Фото: ura.news, polisia.kz

Түркістанда ойынханаға қарақшылық шабуыл жасаған күдіктілер ұсталды. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаменті басшысының орынбасары Құрманбек Сахов айтты, деп хабарлайды polisia.kz.

7 маусымда таңғы сағат 04.58 шамасында 102 пультіне облыс орталығында орналасқан ойын клубының кассирі хабарласқан. Ол бетперде таққан белгісіз біреулер ойынханаға қарақшылық шабуыл жасағанын айтқан. Күдіктілер ойынханадағы ақша салынған касса жәшігін бұзып, 350 мың теңгені алып, оқиға орнынан ізін суытқан.

Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 192-бабы 2-бөлігі («Қарақшылық») бойынша қылмыстық іс тіркелді. Полицейлер жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәгерлерден жауап алды. Бейнебақылау камераларын мұқият қарап шықтық. Жан-жақты жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде екі тәулікте күдікті ретінде облыс орталығының екі тұрғыны ұсталды, - деді Құрманбек Сахов.

Тергеу барысында ұсталғандар қылмыс жасағанын мойындап, ұрланған ақшаны жұмсап жібергенін айтқан.

«Күдіктілердің бірі қолындағы тапаншаның ойыншық екенін, оны қала базарларының бірінен сатып алғанын айтты. Ол қарақшылық шабуыл жасағаннан кейін қаруды дәретханаға тастаған. Ойыншық тапанша заттай дәлел ретінде тәркіленіп алынды. Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтауда», - деді басшы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама