Алматыда жерге жасырылған қару-жарақ табылды

Дастан Жұмабекұлы

Олар ақ қапшыққа салынып, көмілген

фото: Алматы қалалық полиция департаменті

Алматы қаласының Медеу ауданында жерге көмілген қару-жарақ пен оқ-дәрірілер табылды.

Almaty телеарнасының хабарлауынша, қалалық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің мамандарымен бірігіп, Сахариев көшесінің маңында жыраға қарай түсерде, ағаштардың арасынан ақ қапшыққа салынған қару-жарақ пен оқ-дәрілер тапқан.

Полиция қызметкерлері 12 калибрлі тегіс ұңғылы 2 мылтық, 12 калибрлі тегіс ұңғылы «Макаров» тапаншасы, «Форт 17Т» маркалы травматикалық тапанша, РГД – 5 гранаталары, 13 дана 12 калибрлі патрондар, 9 мм патрондар – 15 дана, қуаттандырғышы бар «Kirisun» рациясын тәркіледі.

Прлицияның хабаралуынша, бүкіл тәркіленген заттар сараптамаға жіберілді. Қару-жарақ пен оқ-дәрілер Медеу аудандық полиция басқармасында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287- бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді. Тергеу біткен соң, олардың иесі анықталып, арсеналдың қайдан шыққаны белгілі болады.