Елімізде онлайн құрбан шалуға арналған малдың бағалары белгілі болды
Астана бойынша сайттағы қойдың бағасы – 70 мың теңге
Республика бойынша онлайн құрбан шалуға арналған малдың бағасы белгілі болды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы жариялаған кестеге сәйкес 2022 жылы Құрбан айт мерекесі 9-11 шілде аралығында болады. Осыған байланысты ҚМДБ онлайн құрбандық шалуға мүмкіндік беретін qurban2022.kz сайтын іске қосқанын жариялаған болатын.
Аталмыш сайтта әр өңірге қатысты құрбандыққа шалынатын малдың бағасы жарияланды. Бұл ретте Нұр-Сұлтан қаласында қойдың бағасы 70 мың болса, Алматы қаласы бойынша 65 мың теңге болды. Бұл бағаға қасапшының еңбек ақысы кіреді. Қалған қызмет түрлері (малды бөлшектеп сою, пакеттерге салып, мұқтаждарға жеткізу) тегін жүзеге асады.
ҚМДБ ресми сайтының мәліметтеріне сәйкес, қазіргі уақытта онлайн құрбан шалуға 762 адам тапсырыс берген, оның ішінде Алматы (111) мен Нұр-Сұлтанда (94) ең көп адам өтініш қалдырған. Айта кететін жайт, тапсырыс берушілердің басым көпшілігі құрбандық малы ретінде қойды таңдаған – 224. Ешкіге 47 адам тапсырыс берген болса, ірі қара малға сұраныс аз болып тұр – 9. Түйеге ешбір адам тапсырыс бермеген болып шықты.
Сонымен бірге статистикаға сәйкес, осы уақытта 1513 адам етке мұқтаж ретінде сайтқа тіркелген. Оның ішінде ең көбі Нұр-Сұлтан (730), Алматы (267) және Маңғыстау облысынан (101) екендігі белгілі болды.