Елордада сұйытылған мұнай газының бағасы 70 теңге болып белгіленді
Қазақстанда жанармай құю бекеттерінде көліктерге арналған сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада сатудың шекті бағасы белгіленді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғариннің 2022 жылғы 5 шілдедегі «ҚР аумағында автогаз құю станцияларында автокөлікке жанармай құю үшін сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуге уақытша мемлекеттік баға реттеуді енгізу туралы» бұйрығы жарияланды. Ол бойынша Қазақстанда жанар-жағармай құю станциялары үшін сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуге уақытша мемлекеттік баға реттеуі енгізілді. Сонымен бірге құжатта автогаз бағасын белгіленген шекті бағадан асырған жағдайда нұсқамалар шығарылып, егер олар орындалмаса Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 162-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны туралы жазылған.
Өңірлер бойынша сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуге шекті бағалар келесідей болды:
Нұр-Сұлтан қаласы – 70 теңге/л;
Алматы қаласы – 65 теңге/л;
Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары – 50-55 теңге/л;
Ақмола, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстары, Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Ұлытау облыстарында – 70-75 теңге/л;
Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Абай облыстарында – 60-65 теңге/л.
Бұйрық 2022 жылғы 6 шілдеден 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін жарамды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанда жанар-жағармайдың жаңа шекті бағасы енгізілгенін жаздық.