Өнім антисанитариялық жағдайда қолдан жасалған
Алматы облысында арақты заңсыз өндірген цех анықталды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.
ҚМА Алматы облысы бойынша департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында суррогат алкоголь өнімін өндірген жасырын цехты анықтап, қызметін тоқтатты.
Іле ауданының тұрғыны жеке үй аумағындағы үй-жайда антисанитарлық жағдайда қолдан алкоголь өнімдерін заңсыз дайындаған. Оқиға орнын тексеру барысында есепке алу бақылау маркалары, алкоголь өнімі, спирт және алкоголь өнімдерін құюға және дайындауға арналған түрлі заттар табылып, тәркіленді, - деп жазылған хабарламада.
Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық-процесстік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәлімет жарияланбайды.