Елімізде «7-20-25» орнына жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады
Ол бойынша 35 млн теңгеге дейін несие берілуі мүмкін
Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігімен ипотеканың жаңа түрі іске қосылуы мүмкін. Бұл туралы «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шалапаев айтты.
Оның айтуынша, зейнетақы жинақтарының тұрғын үйге жұмсауға болатын шекті мөлшерінің өсуіне және келесі жылы «7-20-25» бағдарламасының аяқталуына байланысты 500 млрд теңге ипотекаға немесе 35 мың пәтерге деген сұраныс төмен болады деп болжанып отыр. Сонымен бірге жеке құрылыс салушылардың коммерциялық тұрғын үйді сату жылдамдығы айтарлықтай төмендеуі мүмкін.
Сұраныстың өтелмеуіне жол бермеу мақсатында халық үшін Екінші деңгейлі банктердің нарықтық ипотекасы бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тетігін іске қосу ұсынылады, - деді ол Үкімет отырысында.
Бұған қоса Қаржыгерлер қауымдастығымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде келесідей базалық шарттар ұсынылып отыр:
- бастапқы жарна 20 пайыздан басталатын;
- кредит беру мерзімі 20 жылға дейін болатын;
- қарыздың ең жоғарғы сомасы 35 млн теңгеге дейін жететін;
- төлем қабілеттілігін міндетті түрде растауды қажет ететін ипотеканы іске қосу ұсынылды.
«Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің деңгейінен 5%-дан аспайтын ипотека бойынша сыйақы мөлшерлемесінің 7% субсидияланады. Екінші деңгейлі банктер өз қаражаты есебінен құрылыс салушылардың бастапқы тұрғын үйіне және Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігімен қамтамасыз етілген салынып жатқан тұрғын үйге қарыз бере алады. Осы бағдарламаны іске қосу үшін заңнамалық өзгерістер қажет емес. Қазіргі уақытта бюджеттік өтінім Қаржы министрлігінің қарауында. Бюджет мақұлданғаннан кейін, Қазақстандық тұрғын үй компаниясы осы бағдарламаны дереу іске қосуға дайын», – деді Қанат Шалапаев.
Еске сала кетсек, бұған дейін Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалға берілетін тұрғын үйді сатып алуға салынған тыйымның заңға қайшы келетін тұстарын реттеуді тапсырғанын жаздық. Сонымен бірге Қазақстанда 613 мыңнан астам адам үй кезегінде тұрғаны белгілі болды.