×

Алакөл жағасында бірнеше демалыс базасы өртеніп жатыр (ВИДЕО)

Алдын ала мәлімет бойынша, 1000 шаршы метр аумақты жалын шарпыған

 Қанат Атаманов 05.07.2022 | 06:30
Фото: видеодан скриншот

Абай облысы, Үржар ауданында Алакөл жағасындағы демалыс базаларында алапат өрт болып жатыр.

4 шілде күні 23.20-да Үржар ауданындағы Алакөл жағасындағы демалыс базасында өрт шықты. Қатты желдің кесірінен қызыл жалын қас пен көздің арасында көрші базаны шарпып үлгерді. Алдын ала мәлімет бойынша, 1000 шаршы метрден астам аумақты жалын шарпыған. Сондай-ақ, құрғақ шөп те өртенуде», - деп хабарлайды Төтенше жағдай министрлігінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желіде Алакөлдегі өрт түсірілген видеолар жарияланып жатыр. Желі қолданушылары демалыс орнындағы адамдардың қауіпсіз жерге шыққанын, кейбірі өртті сөндіруге атсалысып жатқанын айтады.

«Тура Арбаттың ортасындағы Айгерім, Әлихан, Жұмағазы, Керуен деген демалыс базалары жанып кетті. Біз де көмектестік, өрт сөндірушілер келді. Бәрі жабылып өшірді. Базалар іркес-тіркес салынған ғой. Бірталай үй отқа оранды. Адамдардың бәрі қауіпсіз жерге қарай қашып шыққан. Бүкіл базада жарық жоқ, Алакөлдің айналасында далада отырмыз», - деп хабарлайды Қазақстанның шығыс өңіріндегі туризмді дамытуға атсалысып жүрген азамат, журналист Дарын Нұрсапар.

Алапат өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаменті және полиция, жергілікті органдардан келген 186 адам мен 29 техника жұмылдырылды.

Қазір өрттің шығу себебі анықталуда. Оқиға орнында оперативтік штаб жұмыс істеп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама