Президент Қатар экономикалық форумының ашылу рәсіміне қатысты

Динара Амантай

Онда мемлекеттердің экономикалық дағдарыстан шығу мәселесі қаралады

Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі Тамим бен Хамад Әл Тәнидің жеке шақыруымен «Жаһандық экономиканы қалыпқа келтіруде теңдікке қол жеткізу» атты екінші Қатар экономикалық форумының ашылу рәсіміне қатысты.

Аталған маңызды іс-шара «Bloomberg» агенттігінің қолдауымен ұйымдастырылды және шейх Тамим бен Хамад Әл Тәнидің қамқорлығымен өткізіліп отыр.

Форум «Мемлекеттердің экономикалық дағдарыстан шығу мәселесі» тақырыбына арналған.

Форум жұмысына Мемлекет басшысынан бөлек Того Президенті Фор Гнассингбе, Намибия Президенті Хаге Гейнгоб, Грузияның Премьер-министрі Ираклий Гарибашвили, сондай-ақ Еуропа, Азия және Африка елдерінің бірқатар министрі мен үкіметтерінің лауазымды тұлғалары қатысады.

Форумды Қатар Әмірі Тамим бен Хамад Әл Тәни ашты.

Ақорданың баспасөз қызметінің мәліметінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «In Conversation with President Tokayev» атты арнайы панельдік сессияға қатысады деп жоспарланған. Оны «Bloomberg Television» жүргізушісі Манус Крэнни жүргізеді.

Қатар экономикалық форумының қорытындысы бойынша жаһандық өсімнің келесі кезеңінің жоспары әзірленіп, пандемиядан кейінгі әлемді қалыптастыру үшін нақты шешімдер ұсыну көзделіп отыр.