Іздеу жұмыстары 20 сағаттан астам уақытқа созылды
Қостанай облысында қой бағып жүріп жоғалған 9 жастағы бала табылды. Бұл туралы жергілікті ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Еске сала кетсек, кеше таңғы сағат 11 шамасында бір отар қойды ата-анасымен іздеуге шыққан 9 жастағы бала із-түссіз жоғалып кетті. Ата-анасының өз бетімен іздестіру шаралары сәтсіз аяқталған соң, олар полиция қызметкерлеріне хабарласқан.
Баланы жедел іздестіру шаралары ұйымдастырылып, оған 200-ден астам полиция қызметкерлері мен ТЖД өкілдері және еріктілер қатысты. Жақын маңдағы елді мекендер, өзен жағасы тексеріліп, арнайы техника мен қызметтік иттер пайдаланылды.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде бала 17 маусым күні таңғы сағат 8 шамасында Молокановка ауылынан үш шақырым жерден табылды. Бұл оның жоғалған жерінен 10 шақырымдай қашықтықта. Мейрам Зубков ата-анасынан көз жазып қалғаннан кейін далада адасып жүріп, ұйықтап қалғанын айтты. Баланы іздеу жұмыстары 20 сағаттан астам уақытқа созылды, – деді баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта Мейрам Зубков ата-анасымен бірге үйінде. Дәрігерлік тексеруден өтіп, жағдайының жақсы екені анықталды.
Қостанай облысы ТЖД басшысы Ерлан Омарбеков және баланың ата-анасы Валентина Зубкова мен Мейрамбек Болтаев іздеуге жедел түрде көмекке келген еріктілерге алғысын білдірді.