Перизат Қайраттың қымбат мүліктері бұғатталды

Дәурен Ерболат

ҚМА істі тергеп жатыр

Фото: Instagram/01pk

Соттың санкциясымен қайырымдылық қордың тең құрылтайшысы және басшысы Перизат Қайраттың қымбат мүліктері бұғатталды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға және Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін жиналған 1,7 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілініп отыр.

Соттың санкциясымен қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған Астанадағы Akbulak Riviera, Highvill Ishim Gold, «Көк Жайлау» (тұрақ орындарын қоса алғанда), Sensata Plaza тұрғын үй кешені, сондай-ақ Vela Village коттедж қалашығындағы элиталық жылжымайтын мүлік, Mercedes-Benz S450, Mercedes-Benz EQE 500, Lexus LX-600, Haval көліктері бұғатталды.

Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және тағы басқа танымал брендтердің киім, аяқ киім, зергерлік бұйымдар, сөмкелері табылып тәркіленді, - деп жазылған ҚМА таратқан хабарламада.

Тәркіленген мүлік заттай дәлелдер ретінде танылып, іс материалдарына қосылды. Тергеу жалғасып жатыр.

ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.