ҚМА бұрын сотталған 3 адамды ұстады
Сот үкімі бойынша тәркіленуге жататын бұғатталған мүлікті заңсыз сату фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қаржылық монитринг агенттігі «AV-Construction» ЖШС, «Стекольный завод» ЖШС, «Шалқар 17» ЖШС, «Бахар-А» ЖШС және басқа да кәсіпорындарды рейдерлік басып алу фактілері бойынша Қоспаевтың қылмыстық тобына қатысты тергеуді аяқтаған болатын.
Тәркілеуді қамтамасыз ету мақсатында сот құрылтайшысы Айдос Қоспаев болған «Nikolsky Investment» ЖШС-ға тиесілі Алматыдағы «Никольский» базарының аумағында орналасқан жер учаскесі мен мүлкі бұғаттаған.
Алайда, биыл қыркүйекте «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ базасына жалған ақпарат енгізу арқылы базар шетелдіктерге сату мақсатында бөгде адамдарға қайта рәсімделіп, шектеулер алынып тасталған. Биыл 5 қазанда құны 2,2 млрд теңге болатын мүлік пен жер учаскесі шетелдік инвесторларға одан әрі сату мақсатында бөгде тұлғаларға қайта рәсімделген, – делінген ҚМА хабарламасында.
Агенттік алаяқтық үшін бұрын сотталған үш адамды анықтап, ұстады. Оларға қатысты сот санкциясымен «Қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Сондай-ақ, жалған құжаттар жасап, мүлікті иеліктен шығаруға ықпал еткен сыбайлас анықталды.