Қаржы пирамидалары 20 млрд теңге шығын келтірген – ҚМА
Биыл 47 қаржы пирамидасы анықталды
Елімізде қаржы пирамидалары 20 млрд теңге шығын келтірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жыл басынан бері қаржы пирамидалары 20 млрд теңгеден аса шығын келтірген. Оны құру және басқару фактісі бойынша 68 қылмыстық істі тергелді. Бүгінде оның 13 млрд теңгесі өтелді, - деп жазылған ҚМА таратқан хабарламада.
2024 жылы интернетте 47 қаржы пирамидасы анықталды. Нәтижесінде әлеуметтік желілерде 300-ге жуық чат жабылып, шамамен 2 млн-ға жуық қатысушы – әлеуетті салымшы тіркелді.
Биыл әлеуметтік желілерді талдау барысында қаржы пирамидасының белгісі бар сайттардың 11,7 мыңнан аса сілтемесі бұғатталды.
Агенттік қаржы пирамидасына төмендегі белгілер тән екенін атап өтті:
• Тәуекелсіз және күш-жігерсіз жоғары табыс табамыз деп уәде беру;
• Жаңа клиенттерді міндетті түрде тарту;
• Интернетте белсенді түрде жарнама жасау;
• Компанияның Қазақстанда тіркелмеуі немесе жақында тіркелуі;
• Заңдық сүйемелдеудің болмауы (шарттың болмауы немесе тараптардың арасында міндеттің болмауы);
• Салымдарды қолма-қол ақшамен, криптовалюта арқылы немесе банктердің қатысуы болмайтын төлем жүйесі арқылы қабылдау.
Айта кетейік, ҚМА қаржы пирамидасының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» Telegram-боты жұмыс істеп тұрғанын ескертеді.