Өскеменде Халыққа қызмет көрсету орталығының экс-басшысы сотталды

Динара Амантай

Оның екі бөлмелі пәтері мемлекет кірісіне тәркіленді

Фото: Halyq Uni

Өскеменде Халыққа қызмет көрсету орталығының экс-басшысы сотталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ филиалы Өскемен қаласындағы мамандандырылған бөлімінің бұрынғы басшысына қатысты қылмыстық іс аяқталған.

2023 жылдың ақпан мен қазаны аралығында күдіктінің жүргізуші куәлігін алу үшін жол қозғалысы ережелерін білуге теориялық емтихан тапсырған азаматтардан заңсыз сыйақы алу схемасын ұйымдастырғаны анықталды. «Параллельді қаржылық тергеу» жобасы 32 млн теңгеден астам заңсыз сыйақы түрінде алынған қылмыстық табысты анықтауға мүмкіндік берді, – делінген хабарламада.

Тергеу барысында күдіктінің банктегі жеке шотына мобильді қосымша арқылы сыйақы алғаны белгілі болды. Мұндай кірістер құқық қорғау органдарында күдік тудыруы мүмкін екенін түсініп, қаржының алынған жолын жасыру мақсатында күдікті сол банктегі шоттары арасында бірнеше рет аударымдар жасаған.

Бұдан басқа, параллельді қаржылық тергеу шеңберінде қылмыстық жолмен табылған қаражатқа күдікті Өскеменде 2 бөлмелі пәтер сатып алып, оны жасыру мақсатында анасына рәсімдеген. Кейіннен бұл пәтер тәуліктік жалға беру үшін пайдаланылып, 1,2 млн теңгеден астам қосымша қылмыстық табыс әкелген, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, тәркілеуге жол бермеу мақсатында күдікті сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаннан кейін аталған пәтерді сатып алу-сату шарттары бойынша үшінші тұлғаларға тіркеген.

Сот үкімімен күдікті кінәлі деп танылды. Оған Қылмыстық жолмен алынған 19,5 млн теңге болатын Өскемендегі екі бөлмелі пәтерді мемлекет кірісіне тәркілей отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.