×

«Қызымның жағдайы жақсы»: 8 жастағы ұл терезеден секіріп кеткен өрттің себебі анықталды (ВИДЕО)

Өрт мобильді телефонды қуаттау кезінде электр құрылғысының тұтануынан шыққан

 Халық үні 15.06.2022 | 15:22
фото: Halyq Uni

Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келгенге дейін 5-қабаттың балконынан 2014 жылы туған ұл секіріп кеткен еді. Ал ыстан уланып, ауруханаға жеткізілген 2012 жылы туған әпкесі аман-есен, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Еске сала кетсек, 13 маусым күні Кентау қаласында Төлеби көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үй отқа оранған болатын. Өрт шыққан уақытта балалардың Кентау ЖЭС-інде бақылаушы болып жұмыс істейтін анасы Баян жұмыста болған. Айтуынша, үлкен қызының жағдайы жақсы.

«Қызым аман-есен. Жағдайы жақсы. Аздаған жарақат алған. Ауруханадан шығарып, қасыма әкеліп алдым. Кешке дейін жұмыстамын. Түс уағында келіп, бала-шағама тамақ беріп, үйге қалдырып кететін едім. Жұмысқа бара жатқанымда «үй өртеніп жатыр» деп шақырып алды. Келсем, ұлым жерде жатыр екен. Өз-өзіме әлі де келе алмай жатырмын. Күйеуім Қарағандыда жұмыста», – дейді ол.

Үй толық өртеніп кеткендіктен, қазір зардап шеккен отбасы туыстарының үйін паналап отыр.

«Үй өртеніп кеткен. Қазір өзімнің шешемнің үйіндемін. Қаржы жинап жатқандар бар екен. Оларға алғыс білдіремін», – дейді шарасыз әйел.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қалалық өрт сөндіру бөліміне хабар сағат 12:50 де келіп түскен. Ал қызыл жалын 13:10-да толық сөндірілді. Өртті сөндіруге 5 техника мен 15 қызметкер жұмылдырылған.

30 тұрғын өз бетінше сыртқа қашып шыққан. Арасында 8 бала бар.

5 қабатты тұрғын үйдің 5-қабатындағы 2 бөлмелі пәтерде өрт шығып, 50 шаршы метр аумақтағы жалын үйдің шатырына жеткен. Қазір өрттің шығу себептері анықталып жатыр, - деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар бөлімінің баспасөз қызметі.

Кентау жанашырларынан құралған «Көзқарас» қоғамдық бірлестігінің белсенділері қазір қайғылы оқиғаға байланысты 2 млн 300 мың теңге көлемінде жиналған қаржыны зардап шеккен отбасына табыстамақ.

Гүлжан СЕРІК, Кентау

Серіктес жаңалықтары

Сараптама

Оқушыларға шетелге рұқсатсыз шығуға тыйым салынуы мүмкін

25 мамырда оқушылардың бір тобы Оқу-ағарту министрлігінің рұқсатынсыз Қырымға барған еді
06.06.2023 | 16:55

Қостанай облысында жол апатынан ер адам мен баласы қаза тапты (ВИДЕО)

Тағы 3 жолаушы ауруханаға жатқызылды
06.06.2023 | 16:48

Әскери мектептегі әлімжеттік: Қорғаныс министрлігі түсінік берді (ВИДЕО)

Ведомство мамандары бейнежазбаны тексерген
06.06.2023 | 16:35