«Қызымның жағдайы жақсы»: 8 жастағы ұл терезеден секіріп кеткен өрттің себебі анықталды (ВИДЕО)
Өрт мобильді телефонды қуаттау кезінде электр құрылғысының тұтануынан шыққан
Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келгенге дейін 5-қабаттың балконынан 2014 жылы туған ұл секіріп кеткен еді. Ал ыстан уланып, ауруханаға жеткізілген 2012 жылы туған әпкесі аман-есен, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Еске сала кетсек, 13 маусым күні Кентау қаласында Төлеби көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үй отқа оранған болатын. Өрт шыққан уақытта балалардың Кентау ЖЭС-інде бақылаушы болып жұмыс істейтін анасы Баян жұмыста болған. Айтуынша, үлкен қызының жағдайы жақсы.
«Қызым аман-есен. Жағдайы жақсы. Аздаған жарақат алған. Ауруханадан шығарып, қасыма әкеліп алдым. Кешке дейін жұмыстамын. Түс уағында келіп, бала-шағама тамақ беріп, үйге қалдырып кететін едім. Жұмысқа бара жатқанымда «үй өртеніп жатыр» деп шақырып алды. Келсем, ұлым жерде жатыр екен. Өз-өзіме әлі де келе алмай жатырмын. Күйеуім Қарағандыда жұмыста», – дейді ол.
Үй толық өртеніп кеткендіктен, қазір зардап шеккен отбасы туыстарының үйін паналап отыр.
«Үй өртеніп кеткен. Қазір өзімнің шешемнің үйіндемін. Қаржы жинап жатқандар бар екен. Оларға алғыс білдіремін», – дейді шарасыз әйел.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қалалық өрт сөндіру бөліміне хабар сағат 12:50 де келіп түскен. Ал қызыл жалын 13:10-да толық сөндірілді. Өртті сөндіруге 5 техника мен 15 қызметкер жұмылдырылған.
30 тұрғын өз бетінше сыртқа қашып шыққан. Арасында 8 бала бар.
5 қабатты тұрғын үйдің 5-қабатындағы 2 бөлмелі пәтерде өрт шығып, 50 шаршы метр аумақтағы жалын үйдің шатырына жеткен. Қазір өрттің шығу себептері анықталып жатыр, - деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар бөлімінің баспасөз қызметі.
Кентау жанашырларынан құралған «Көзқарас» қоғамдық бірлестігінің белсенділері қазір қайғылы оқиғаға байланысты 2 млн 300 мың теңге көлемінде жиналған қаржыны зардап шеккен отбасына табыстамақ.
Гүлжан СЕРІК, Кентау