Жыл басынан бері 43 млн теңгеге жалған ақша тәркіленді
Жалған шетел валютасын өткізу фактілері жиілеген
Жыл басынан бері 43 млн теңгеге жалған ақша тәркіленді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Алматыда жалған 100 долларлық купюраларды сатумен айналысқан қылмыстық топ анықталған. Олардың бірінің тұрғылықты жерін тінту барысында 149 дана (14 900 АҚШ доллары) жалған доллар табылды. Құқықбұзушылар ұсталып, сот оларға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысында ҚМА полициямен бірлесіп жалған валютаны өткізу фактісін анықтады. Бір топ адам Орал қаласындағы лотерея клубтарының бірінде жалған 25 мың АҚШ доллары мен 10 мың еуро өткізген деген күдікке ілінді. Күдіктілер бәс тігу үшін осы жалған ақшаны шоттарына салған. Жалған ақшаны сатушыға қатысты соттың санкциясымен «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Жыл басынан бері Қазақстан аумағында айналымнан 1 мың 60 жалған банкнот тәркіленді. Оның ішінде ұлттық валютада 647 мың теңгеге 141 дана, 90 мың 400 АҚШ долларына 905 купюра, 2 мың еуроға 4 купюра, 1 мың юаньға 10 купюра алынды. Тәркіленген жалған банкноттардың жалпы көлемі 43 млн теңгеден асады, – делінген ҚМА хабарламасында.
Биыл жалған купюраларды жасап, өткізгені үшін 8 адам 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.