Ұлытау облысында шенеуніктердің салғырттығынан тасқын кезінде он үйді су басқан

Динара Амантай

Қылмыстық іс материалдары сотқа жіберілді

Фото: Halyq Uni

Ұлытау облысы табиғи ресурстар басқармасының басшысына қатысты лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі бойынша, сондай-ақ «Жезді өзенін санациялау» жобасы шеңберінде тиісті түрде жұмыс атқармаған қызметкерлерге қатысты қылмыстық істер аяқталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, тергеу барысында құрылыс нормаларының орындалмағаны, сондай-ақ жобалау құжаттамасынан ауытқуларға жол берілгені анықталды, салдарынан жобалаушы ұсынған көлемде өзеннің суды өткізу мүмкіндігі азайған.

Облыстың табиғи ресурстар басқармасының басшысы іс жүзінде жасалмаған жұмыстардың актілеріне қол қойған. Құрылыс объектісіне бармастан, техникалық және авторлық қадағалаушылар да орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойып берген. Лауазымды қызметкерлердің аталған қылмыстық әрекеттері биылғы көктемдегі су тасқыны кезінде 10 үйдің суға кетуіне әкеліп соқты, – делінген ҚМА хабарламасында.

Айта кетсек, су тасқыны кезінде Жезді кентіндегі 24 жеке үйден 108 адам, оның ішінде 56 бала эвакуацияланған болатын.

Қылмыстық іс материалдары сотқа жіберілді.