Алаяқтар есірткі айналымынан түскен қаржыны жылыстатуға 35 мың банк картасын пайдаланған
Кейіннен бұл ақша құқықбұзушылардың крипто-әмияндарына шығарылған
ҚМА азаматтарды жеке банк карталарын пайдалану арқылы қылмыстық табыстарды заңдастыру үшін оңай табыс ұсынып, қылмыстық схемаларға тарту фактілері жиілеп кеткенін ескертеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Агенттік өкілдерінің айтуынша, азаматтар қаржылық операциялар жасау үшін банк карталарын үшінші тұлғаларға беріп, «дроп» болу қаупін ескермей, қылмыстық схемаларға тартылуы мүмкін. Ақша кибер құқықбұзушылықтардан немесе есірткі және адам сату сияқты қылмыстық схемалардан тартылуы ықтимал.
ҚМА жүргізген талдауына сәйкес, есірткі сатумен байланысты схемаларда жалпы айналымы 22 млрд теңге болатын 30 мың банк картасы пайдаланылған. Мұндай заңсыз схемаларға қатысу азаматтардың мүлкін тәркілеу, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік сияқты ауыр салдарға әкеледі.
Астана мен Қарағанды қаласының студенттері және Теміртаулық 64 жастағы зейнеткер «дроп» ретінде Telegram-дүкенінде есірткі сатудан алынған ақшаны жылыстату схемасына қатысқан. Олардың шоттары арқылы 100 млн теңгеден астам қаржы өткен. Бұл наркошоптың жалпы айналымы 2 млрд теңгеден асқан. Тағы бір жағдайда Алматыда 20 жастағы студенттің картасы пайдаланылып, оның шотына 900-ден астам адамнан 22,5 млн теңге түскен. Аударымдар 7.5 мыңнан 15 мың теңгеге дейінгі аралықта болған, бұл сомалар есірткі заттарының бір реттік дозаларының құнына сәйкес келеді, – делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, кейіннен бұл ақша құқықбұзушылардың крипто-әмияндарына шығарылған.
Құрметті азаматтар! Онлайн диалог арқылы бейтаныс азаматтар немесе компанияның өкілдері хабарласып, шотыңызға сыйақыға ақша аударып, есесінен оңай ақша табуды ұсынған жағдайда қырағылық танытып, өзіңізді қылмыстық схеманың мүшесі болудан сақтаңыз. Егер сіз мұндай ұсыныстарға тап болсаңыз, алаяқтармен барлық байланысты тоқтатып, ақша аудармаңыз, – деп ескертті агенттік өкілдерінен.