Ұлттар лигасы: Қазақстан құрамасы Словакияны екінші рет жеңді (ВИДЕО)

Нұрдәулет Кенжебай

Қазақстан құрамасы топта бірінші орын алуы үшін екі ұпай жеткілікті 

фото: ашық дереккөзден

Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА Ұлттар лигасы аясында өз алаңында Словакияны жеңіп, тағы бір сенсация жасады. 

Бір апта бұрын құрамалар Трнавада кездесіп, сонда қазақстандықтар 1:0 есебімен жеңген еді. Содан кейін «Астана Аренаға» словакиялықтар жаңа бас бапкермен келген. 

Елордадағы кездесу қазақстандықтар үшін сәтті басталды. Алаң иелері үзіліске дейін екі гол тоғытып тастады. 18-минутта оң қапталдан асырылған пасты Ян Вороговский қақпада тулатты. Ал 39-минутта Елхан Астанов баспен дәл соққы жасап, есепті еселеді. 

Үзілістен кейін словакиялықтар есеп айырмасын қысқарта алды. 51-минутта Матуш Беро айып алаңына енер тұста жақын бұрышты дәл көздеді. Дегенмен Қазақстан футболшылары матч соңына дейін жеңіс есебін сақтап қала алды. Ал ойын соңына қарай Ондрей Дуда дөрекі ойнағаны үшін алаңнан қуылды. Қорытынды есеп - 2:1. 

Осылайша, Қазақстан құрамасы В дивизионының 3-тобында көш басындағы орнын сақтап қалды. Команда төрт кездесуден соң 10 ұпай жинады. Екінші орындағы Словакиядан төрт ұпайға озып тұр. Енді Қазақстан құрамасына топта бірінші орын алуы үшін екі ұпай жеткілікті.