Ресейден әкелінген 7,5 мыңға жуық вейп тәркіленді
Төлемдер шетел азаматының банк картасына аударылған
Қостанай облысына вейптерді, оған арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды заңсыз әкелу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпаратына сәйкес, қала тұрғыны өзі құрған телеграм-арнасы арқылы Қазақстан Республикасының аумағына одан әрі тарату мақсатында вейптерді заңсыз әкелгені анықталды.
Вейптер Қазақстанға Ресей Федерациясынан әкелініп, әрі қарай курьерлер мен почта жөнелтімдері арқылы бүкіл ел аумағында таратылған.
Электронды темекі өнімдерін алуға өтінімдер 100 мың теңгеден басталған. Елімізде айналымына тыйым салынған вейптерді өткізу фактілерін жасыру мақсатында төлем шетел азаматының банк картасына қабылданып отырған, – делінген хабарламада.
Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында құны 45 млн теңге шамасындағы 7,5 мыңға жуық вейп табылып, тәркіленді.
Сот оған пробациялық бақылауды белгілей отырып, 1 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады. Тәркіленген вейптер жойылуға жатады.