АҚШ-тан Алматыға пошта арқылы ірі көлемде есірткі жеткізілген
Күдіктілер 6 қалада ұсталды
Америка Құрама Штаттарынан Алматыға пошта арқылы ірі көлемде жеткізілген есірткі анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, жедел іс-шаралар барысында Алматы, Петропавл, Семей, Көкшетау, Шымкент және Өскемен қалаларында сәлемдеме түрінде жіберілген халық тұтынатын тауарлардың арасына есірткі (марихуана және каннабис сығындысы) жасырылғаны анықталды. Тауарлар пошта арқылы АҚШ-тан жеткізілген. Күдіктілер ұсталды.
Нәтижесінде заңсыз айналымнан шамамен 8 келі марихуана және шамамен 15 келі каннабис сығындысы тәркіленді. 10 қазақстандық ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп жазылған ҚМА таратқан хабарламада.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат жарияланбайды.
Айта кетейік, жыл басынан бері Қазақстанда 93 есірткі қылмысы тіркелді. Заңсыз айналымнан 52 келі есірткі тәркіленді. Оның ішінде 8,7 келі гашиш, 4,8 келі марихуана бар.
Сондай-ақ 1,7 келі психотропты зат тәркіленді (пирролидин – 974 грамм, тетрагидроканнабинол – 780,3 грамм, метамфетамин – 1,26 грамм, анаболиктер – 206 мың дана, «Тропикамид» көз тамшысы – 1 680 дана), - деп жазылған хабарламада.