Биыл салада 7,3 млн теңге жымқырылған
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі білім беру саласында бюджет қаржысын жымқыруға жол бермеу үшін саланы цифрландырып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жемқорлық тәуекеліне жүргізілген сыртқы талдау барысында бюджет қаражатын жоспарлау және игеру кезеңінде педагогтердің еңбегіне ақы төлеу қорынан бюджет қаражатын жымқыру схемалары анықталды.
Бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру процестерін автоматтандырудың, заңбұзушылықтарды бақылау және алдын алу тетіктерінің, сондай-ақ ақпараттық жүйелердің біркелкі болмауына байланысты көптеген дерек мүмкін болған.
Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен жағдайын жою үшін білім, қаржы және цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп, жол картасы іске асырылып жатыр.
Сондай-ақ биыл агенттіктің бастамасы бойынша бюджеттік процестерді автоматтандыруға, қазынашылық жүйесін білім беру ұйымдарының бухгалтерлік есеп жүйелерімен интеграциялауға, төлем құжаттарына қол қою кезінде биометрияны енгізуге бағытталған цифрлық шешімдер енгізілді. Бұл шаралар қаражаттың жұмсалуына тиімді бақылау орнатуға мүмкіндік береді.
Жоба енгізілгенге дейін былтырғы істер бойынша Антикор анықтаған залал млрд-таған сомамен (17,3 млрд теңге) өлшенсе, биыл жымқыру айтарлықтай азайтылды (7,3 млн теңге).
Қазір агенттік білім беру мекемелерінің қызметкерлері арасында қаржылық заңбұзушылықты болдырмау үшін түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр.
Бұған дейін Антикор білім беру саласынан қомақты қаржы ұрланғанын хабарлаған еді.