Ұлытау облысында З млрд теңгенің кені заңсыз өндірілген
Қылмыстық іс сотқа жолданды
Ұлытау өңірінде марганец рудасын рұқсатсыз өндіруге және кейін оны заңдастыруға қатысты тергеуі аяқталып, істі сотқа жолданды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Агенттіктің мәліметінше, күдікті 2020-2023 жылдар аралығында рұқсат құжаттарсыз Ұлытау облысындағы «Восточный карьерінен» марганец рудасын заңсыз өндірумен айналысқан. Ол жалған шот-фактураларды жазып, заңсыз өндірілген марганец рудасын заңдастырып, республика бойынша және шет мемлекеттерге өткізген.
Мемлекетке 1 млрд теңгеден астам шығын келген. Заңсыз өндірілген кен көлемі – 16 мың тонна. Құны 3 млрд теңгеден асады, – делінген ҚМА хабарламасында.
Күдіктінің 337 млн теңгенің жылжымалы және жылжымайтын мүлкі тәркіленді.
Айта кетсек, қылмыс «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның аэроғарыштық суреттерінің көмегімен анықталды.