Halyq Uni логотип
×

Ақмола облысында 99 үйдің құрылысын жеделдету тапсырылды

Бұл үйлер су тасқынынан зардап шеккен отбастарына беріледі

 Ербол Тұрымбет 14.09.2024 | 21:17
Ақмола облысында 99 үйдің құрылысын жеделдету тапсырылды
Фото: Үкімет

Ақмола облысы әкімдігіне көктемде су тасқынынан зардап шеккен ауылдардағы баспана құрылысын жеделдету тапсырылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бүгінде Бұланды ауданындағы Журавлевка ауылында 42 үй, Иванковка ауылында 41 пәтерге арналған бір қабатты үйлер және Вознесенка ауылында 16 үй салынып жатыр.

Әрбір жеке үйге 10 сотық жер телімі қоса беріледі. Барлық жаңа үйге қажетті коммуникациялар өткізілген. Қазір іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілу үстінде. Тұрғын үйлер «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен салынып жатыр.

Құрылыс барысымен танысқан премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев әкімдікке қалған 99 үйдің құрылысын жеделдетуді және қосымша жұмыс күшін тартуды тапсырды.

Сонымен қатар, вице-премьер қысқа мерзімде орталықтандырылған сумен жабдықтау және жаңа үйлерге арналған электр қуатының жеткіліксіздігі мәселелерін шешуді жүктеген.

Айта кетейік, бұған дейін вице-премьер Қанат Бозымбаев Ақмола облысының баспанасыз қалған барлық тұрғынын тамыз айының ортасына дейін қоныстандыруды тапсырған еді. Үкімет мәліметінше, Ақмола облысында барлығы 1817 үй су астында қалған, оның 359-ы апатты деп танылса, қалғаны жөндеуге болатын баспаналар санатына жатады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама