Қалада салтанатты жиындар драма театрда өтеді
Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайы Жетісу облысының әкімдігіне уақытша берілгелі жатыр. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Сарсеев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Жетісу облысының әкімдігіне Талдықорғандағы Салтанат сарайы уақытша берілгелі жатыр. Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы облысы әкімдігінің ғимараты өртеніп кеткен. Қазір онда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ол биыл қыркүйекте аяқталуы мүмкін. Сол уақытта Жетісу облысының әкімдігі сол ғимаратқа көшіп барады, - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы.
Сондай-ақ Руслан Сарсеев Талдықорғанда неке қию рәсімі қайда өтетінін түсіндірді.
«Қалада «Совбез» деген мекеме бар. Салтанат сарайының қызметкерлері сонда отырады. Неке қию және тағы басқа салтанатты жиындар Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында өтеді. Театрдың ғимараты жаңадан салынған», - деді ол.
Айта кетейік, биыл 8 маусымда Қазақстанда жаңадан 3 облыс құрылған болатын.