Astana Invest 300-ге жуық кәсіпкердің құқығын бұзған
Прокуратура қадағалау актісін енгізді
Астанада ірі инвестициялық компания 280 кәсіпкермен заңға қайшы тараптар қарастырылған келісімшарттар жасасқан, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қала прокуратурасының мәліметінше, «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» Заңында инвесторлармен келісілетін шарттардың жасалу тәртібі регламенттелген. Бейінді министрлік АЭА қатысушысы ретінде қызметті іске асыру туралы үлгілік шартты бекіткен.
Алайда, басқарушы компания – «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы»ЖШС-і шарттарды біржақты тәртіппен бұзуға құқық беретін, Заңда және үлгілік шартта көзделмеген тармақтарды белгілеп, 280 шарт жасасты, – делінген прокуратура хабарламасында.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде компания барлық инвесторлармен шарттарды қайта жасасу рәсімін бастады.
Еске сала кетсек, бұған дейін аталмыш компания қызметінде қаржылық бұзушылықтар анықталып, 408 млн теңгені тиімсіз пайдаланғанын хабарлаған болатынбыз.