Қазақстанда жаңадан - Ұлытау, Абай және Жетісу облыстары құрылды
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңадан құрылған Ұлытау, Абай және Жетісу облысынан депутат сайланатынын жеткізді.
«Жаңа облыстар құрылғаннан кейін ол жерден депутаттар сайланады. Оларға депутат сайланбасын дей алмаймыз. Әділетті болмайды, оның үстіне заңға қайшы. Сондықтан ол облыстардан да сенаторлар болады. Бірақ Сенаттағы мандат көбейеді деп қабылдамаңыздар. Өйткені президенттің квотасы 15-тен 10-ға дейін қысқарып жатыр», - деді Әшімбаев.
Сенат спикерінің айтуынша, Мәжілістегі ҚХА атынан сайланатын депутаттардың квотасы да қысқартылады.
Еске салайық, 8 маусымда ҚР президентінің 3 жаңа өңірді құру туралы жарлығы күшіне енді. Енді елімізде ресми түрде 17 облыс және үш мегаполис бар. 4 мамырда ҚР президенті Қазaқстанда жаңадан үш облыс құру туралы жарлыққа қол қойды.