Есірткі айналымына қатысы бар қылмыстық топтың 12 мүшесі ұсталды
Шымкентте елдегі ең ірі нарколаборатория жойылды
Қаржылық мониторинг агенттігі республика бойынша есірткі айналымына қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралардың аралық қорытындысы жасады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 50 мыңнан астамды қамти отырып, есірткі сатумен айналысқан 55 telegram-арнаның заңсыз қызметі тоқтатылған. Олардың жалпы айналымы – 48 млрд теңге.
Биыл Агенттік материалдары бойынша елдің құқық қорғау органдарымен есірткі айналымына байланысты 60 қылмыстық іс қозғалды. Оның жартысы – контрабанда фактілері. Онлайн наркодүкендерге қатысты тағы 29 материал бойынша тексеру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге 100-ден астам адам, оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтың 12 мүшесі ұсталды, – деді ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.
Айналымнан шамамен 100 келіден ауыр есірткі – кокаин, кетамин, мефедрон және марихуана, сондай-ақ оларды жасау үшін 1 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленді.
Қылмыстарға қатысы бар болуы мүмкін 30 мыңға жуық «дроперлердің» банктік карталары бұғатталған.
Шымкентте Қазақстандағы ең ірі мефедрон өндіру және тарату арнасы тоқтатылды. Есірткі лабораториясы құрылып, онда синтетикалық есірткі өндіруге арналған 1 тоннадан астам қышқыл тәркіленді. Оның өндірістік қуаты ай сайын 50 мың доза есірткі өндіруге мүмкіндік берді, – деді Агенттіктің ресми өкілі.
Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық аясында ҚМА аналитикалық мәліметтер негізінде ТМД кеңістігінде есірткі таратқан трансұлттық интернет-дүкендерді жою бойынша Қазақстан, Беларусь және Ресей қаржы барлаушыларының қатысуымен арнайы операция жүргізілді.
Үш елдің аумағында 3 ірі есірткі дүкені жабылып, 35 наркодилер ұсталды. 1 тоннадан астам психотроптық заттар мен клиенттерге сатуға дайын 3,5 мың дозаға жуық синтетикалық есірткі тәркіленді.
Халықаралық есірткі сатушылардың жалпы табысы шамамен 30 миллион АҚШ доллары болды. Оның 12 миллионы криптовалютада шығарылды.
ҚМА бастамасы бойынша Ұлттық Банктің және ҚНРДА қаулыларына өзгерістер енгізіліп, бір клиентке бірнеше банк картасын шығару бойынша шектеулер белгіленді және онлайн режимде олардың мониторингі қамтамасыз етілді. Резидент емес және кәмелетке толмағандарға төлем карточкаларын беру кезінде қосымша бақылау және шектеу шаралары белгіленді. Жаңа клиентті тіркеу кезінде міндетті биометриялық сәйкестендіруді жүргізе отырып, төлем карталарын шығару бойынша банктердің ішкі бақылау шаралары күшейтілді. Есірткінің таралу белгілері мен критерийлері барлық банктерге жіберілді. Бұл есірткі саудасының фактілерін одан әрі анықтауға мүмкіндік береді, – деді Әлібек Әбділов.
Осының нәтижесінде бірнеше карта ұстаушылар саны 9,5 мыңнан 3,6 мың клиентке дейін қысқарып, 1,5 мың клиентке қашықтықтан қызмет көрсетуге қолжетімділік жабылды.