Олар қызмет бабымен жүргенде мерт болған еді
Жамбылдықтар қызмет барысында қаза болған тәртіп сақшыларын ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, жамбылдықтар Меркі – Шу – Бурылбайтал республикалық маңызы бар тасжолында қызмет атқару барысында жол апаты салдарынан көз жұмған полиция қызметкерлері Ғалым Арыстанбаев пен Абылайхан Әбішкенді соңғы сапарға шығарып салды.
Жаназаға марқұмдардың отбасы, ағайын-туыстарымен қатар Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймұрзин, ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы Арман Саданов, ІІМ кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары Олжас Мырзабеков, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, облыстық ПД бастығының орынбасарлары, бірге қызметте болған әріптестері, достары қатысты.
Сондай-ақ қоштасу жиынында ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің қазаға байланысты көңіл айту хаттары оқылып, қайғыға ортақ екендігі және марқұмдардың отбасына мемлекет тарапынан әрдайым қолдау жасалатыны жеткізілді.
Әріптестеріміздің қызмет барысында кенеттен мерт болуына байланысты суық хабар баршамыздың қабырғамызды қайыстырды. Жас болса да өңірдегі қауіпсіздікті сақтау, қоғамдық тәртіпті қадағалауда өлшеусіз өз үлестерін қоса білген азаматтардың әлі де халыққа берер пайдасы мол еді. Олар мінсіз қызметтерімен қатар, отбасында үлгілі әке, жақсы жар, жақындарына қамқор, айналысына жанашыр болды. Артында қалған отбасы, балалары мен жұбайына әрқашан қолдау жасап, қамқор боламыз деп сенім білдіремін. Батырлардың жарқын бейнесі мен абыройлы есімі әрдайым жадымызда сақталады, – деп Арманбек Баймұрзин қаза болған әріптестерінің жақындарын сабырға шақырып, көңіл білдірді.
Марқұмдардың жаназасы өз туған жерлерінде – Ғалым Арыстанбаев Меркі ауданында, Абылайхан Әбішкен Талас ауданында өткізілді.
Көз жұмған сақшылар «Айбын» орденіне ұсынылады.
Бұған дейін Жамбыл облысында жантүршігерлік апаттан 6 адам қаза тапқаны жайлы жазған едік. ІІМ басшысы Жамбылдағы апатты тергеу барысын жеке бақылауына алды.