ҚМА цифрлық активтердің заңсыз айналымына қатысты 18 қылмысты тіркеді
Қаржылық мониторинг агенттігінде құрылған арнайы бөлімшелер цифрлық активтердің заңсыз айналымы мен майнингке қатысты 18 қылмысты анықтады. Олардың табысы 36 млрд теңгеден асқан, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сондай-ақ, ақпараттық жүйелерге қызмет көрсету, бұлтты бухгалтерия құру және коммуналдық қызмет сапасына байланысты түсетін шағымдарды цифрландыруға бөлінген мемлекет қаражатын жымқырудың 3 фактісі анықталды.
Осылайша, 2024 жылғы 23 мамырдағы соттың үкімімен ҚР МСМ Комитеті басшыларының бірі және мердігерлік ұйымының директоры жұмыс істемейтін «Құжаттардың бірыңғай электронды мұрағаты» ақпараттық жүйесіне 6 ай бойы техникалық сүйемелдеу жасау үшін бөлінген 105 млн теңгені ұрлағаны үшін 6 жыл 6 айға сотталды. Биыл цифрлық активтердің заңсыз айналымы саласында 6 үкім шығарылып, олар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қылмыстық жолмен алынған құны 1,2 млрд теңгенің мүлкі бұғатталды. 4 адам 2 жылдан 3,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына, 2 адам бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, – делінген ҚМА хабарламасында.
Бұған қоса, 2024 жылғы 22 сәуірде сот үкімімен 2020 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта криптовалютаны заңсыз айырбастаумен айналысқан ресейліктің қылмыстық жолмен табылған 58 млн теңге мүлкі мен 5,8 млрд теңге көлеміндегі қылмыстық кіріс қаражаты тәркіленіп, 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
ҚМА «Қазақстан Республикасының цифрлық активтер туралы» Заңына сәйкес, Қазақстанда цифрлық майнинг қызметі лицензиялауға жататынын, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді шығару және оның айналымы, сондай-ақ осыған ұқсас биржалар қызметі «Астана» Халықаралық қаржы орталығы аумағында ғана іске асырылатынын жеткізді.