Майқайыңдағы апат: төртінші құтқарушының мәйіті табылды
Автобус жүргізушісінің денесі 70 метр тереңдіктен жер бетіне шығарылды
Павлодар облысындағы «Майқайың-алтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде жүргізілген іздестіру жұмыстары барысында төртінші құтқарушының мәйіті табылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сағат 16:05-те 75 метр тереңдікте 55 жастағы автобус жүргізушісінің мәйіті табылып, сараптамаға жіберілді. Іздестіру жұмыстарына түрлі қызметтердің 200-ден аса қызметкері жұмылдырылды, – делінген ТЖМ хабарламасында.
Ведомство өкілінің айтуынша, 180 мың тоннадан астам тау массасы қазылып, экскаватордың автобустың орналасқан жеріне түсуіне мүмкіндік туды.
Еске сала кетсек, бұған дейін үйінді астынан құтқарушылардың автобусы табылғанын хабарлаған болатынбыз.
«МАЙҚАЙЫҢ-АЛТЫНДАҒЫ» АПАТ
Айта кетсек, 2024 жылдың 4 қаңтарында «Майқайыңалтын» АҚ шахтасында 4 құтқарушы мінген автобус опырылған топырақтың астына құлады. 2 адамның мәйіті жер бетіне шығарылды, тағы 2 құтқарушыны іздестіру жұмыстары қайта жанданған. Жуырда бір құтқарушының денесі табылған еді.
Апатқа ұшырағандардың отбасыларына 4,5 млн теңгеден төленді.
26 қаңтарда «Майқайың-алтын» АҚ аумағындағы апатты тергеу жөніндегі комиссия жұмысының нәтижесі жарияланды. Соған сәйкес, комиссия 7 жауапты адамды анықтады.
Олардың әрекеттері салдарынан топтық жазатайым оқиға болды, - делінген Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан ақпаратта.
Комиссия 4-24 қаңтар аралығында тергеу жүргізді.
Тергеуге 4 сараптамалық ұйым, оның ішінде Ресей сарапшысын тартып, алтын өндіруші кәсіпорынның куәгерлері мен лауазымды тұлғаларына сауалнама жүргізді. Сонымен қатар комиссия шахтаға түсіп, оқиға орнын зерттеген.
Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша апаттың себептері:
- жұмыс өндірісін дұрыс ұйымдастырмау;
- «Майқайыңалтын» АҚ жауапты тұлғалары тарапынан тау-кен жұмыстарының қауіпсіз жүргізілуіне өндірістік бақылау тиісті түрде жүзеге асырылмағаны;
- блоктарды өңдеу кезінде қазбалардан құлау процесін бақылау тиісінше жүзеге асырылмағаны.
Сонымен қатар бұл бос орындарға тиісті бақылау жүргізілмеген. Ал тау массасы кенеттен опырылып түскен.