×

Майқайыңдағы апат: үйінді астынан құтқарушылардың автобусы табылды

Көміліп қалған көліктің бампері мен доңғалағы көрінген

 Қымбат Елтайқызы 25.07.2024 | 10:22
фото: Павлодар облысының әкімдігі

«Майқайың-алтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Кеше кешкісін қазба жұмыстары кезінде құтқарушылардың автобусы табылды. Ауа-райының қолайсыздығына (жаңбыр мен жел) және топырақтың құлау қаупінің сақталуына байланысты жұмыстар аса сақтықпен жүргізіліп жатыр, деп мәлімдеді Павлодар облысының әкімдігі.

Бүгін таңғы сағат 05.00-ден бастап іздестіру жұмыстары қайта жанданды. Қазіргі уақытта көліктің алдыңғы бөлігіне дейін жету мүмкін болып, бампері мен доңғалағы көрінді, – деп толықтырды ведомство.

«55 жастағы төртінші құтқарушы, жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі әлі табылған жоқ. Жақын арада іздестіру жұмыстары нәтиже береді деген үміттеміз», – деп түйіндеді әкімдіктің баспасөз қызметі.

«МАЙҚАЙЫҢ-АЛТЫНДАҒЫ» АПАТ

Айта кетсек, 2024 жылдың 4 қаңтарында «Майқайыңалтын» АҚ шахтасында 4 құтқарушы мінген автобус опырылған топырақтың астына құлады. 2 адамның мәйіті жер бетіне шығарылды, тағы 2 құтқарушыны іздестіру жұмыстары қайта жанданған. Жуырда бір құтқарушының денесі табылған еді.

Апатқа ұшырағандардың отбасыларына 4,5 млн теңгеден төленді. 

26 қаңтарда «Майқайың-алтын» АҚ аумағындағы апатты тергеу жөніндегі комиссия жұмысының нәтижесі жарияланды. Соған сәйкес, комиссия 7 жауапты адамды анықтады. 

Олардың әрекеттері салдарынан топтық жазатайым оқиға болды, - делінген Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан ақпаратта.

Комиссия 4-24 қаңтар аралығында тергеу жүргізді.

Тергеуге 4 сараптамалық ұйым, оның ішінде Ресей сарапшысын тартып, алтын өндіруші кәсіпорынның куәгерлері мен лауазымды тұлғаларына сауалнама жүргізді. Сонымен қатар комиссия шахтаға түсіп, оқиға орнын зерттеген.

Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша апаттың себептері:

  • жұмыс өндірісін дұрыс ұйымдастырмау;
  • «Майқайыңалтын» АҚ жауапты тұлғалары тарапынан тау-кен жұмыстарының қауіпсіз жүргізілуіне өндірістік бақылау тиісті түрде жүзеге асырылмағаны;
  • блоктарды өңдеу кезінде қазбалардан құлау процесін бақылау тиісінше жүзеге асырылмағаны.

Сонымен қатар бұл бос орындарға тиісті бақылау жүргізілмеген. Ал тау массасы кенеттен опырылып түскен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама