Halyq Uni логотип
×

Кәсіпкерден 100 мың доллар пара алған зауыт директоры сотталды

Экс-басшы Қорғаныс министрлігінен әскери техниканы жөндеуге тапсырыс алған

 Динара Амантай 24.07.2024 | 09:00
Кәсіпкерден 100 мың доллар пара алған зауыт директоры сотталды
Фото: Halyq Uni

Петропавл зауытының бұрынғы директорына қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қаржылық мониторинг агенттігі Ауыр машина жасау зауытының бас және атқарушы директорларына қатысты, сондай-ақ мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында қозғалтқыштар мен гироблоктарды жеткізетін кәсіпкерге қатысты қылмыстық істі тергеді.

Агенттіктің мәліметінше, 2022 жылы зауыт Қорғаныс министрлігінен әскери техниканы жөндеуге тапсырыс алған. Оны орындау кезінде жеке кәсіпкермен жалпы көлемі 283,3 млн теңгеге қосалқы бөлшектер жеткізуге шарт жасалған. Орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны және шартты орындау кезінде жалпы қамқорлығы үшін бас директор атқарушы директор арқылы кәсіпкерден 100 мың доллар (45 млн теңге) көлемінде пара алған.

Сотпен зауыттың бұрынғы бас директоры аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін 11 жылға, атқарушы директор 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар, мемлекет кірісіне параға берілген 40 млн теңгеге сатып алынған пәтер тәркіленді. Қалған 5 млн теңге сотталғандардан тең үлестермен өндірілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама