×

Кезінде Қазақстанға қосылмақ болған Ресей қаласының тағдыры не болды?

Көк түріктің алтын бесігі – Алтай өлкесінің кез келген бөлігі қазақ үшін ыстық

фото: википедия

Ресейлік ақпарат құралдарының өзі Рубцовскті қазір «сөнген қала» (угасший город) деп атайды. Осыдан отыз жылдай бұрын ол бүкіл Сібір мен Алтай өлкесінің ең ірі өнеркәсіп орталығы еді. Посткеңестік кеңістіктегі елдер сүйсіне жейтін «Ламбер» ірімшігінің «отаны» саналады.

Ресей журналистерінің сипаттауынша, бүгінде қаланың аты тек онда ең көп колонияның орналасуымен ғана белгілі. Төрт бас бостандықтан айыру орны жұмыс істейді, әрқайсысына 1 мыңнан астам сотталған қамалыпты.

Сондай-ақ ресейлік БАҚ өкілдері оны «нашар жолдардың астанасы» деп те атайды екен. Шаһар туралы шетелдік ақпарат құралдары да белсенді жаза бастаған соң, олар Рубцовскке сапарлап, гүлденген қаланың қалайша үйіндіге, ал өнеркәсіптің майталман мамандарының «барыгағ» айналғанын анықтапты.

Рубцовсктің атағы алғаш рет 2016 жылы жаһанға танылды. Сол жылы Мәскеу қалада төтенше жағдай жариялады. Ресейлік сарапшылардың айтуынша, оған көптеген фактор ықпал еткен. «Рубцовские городские сети» компаниясының 200 қызметкері аштық жариялады. Маңдай тер, табан ақысымен тапқан айлығын ала алмаған жергілікті жұмысшылар ең шетін шараға баруға дайын болған. Бірақ қалалық муниципалитет азын-аулақ қаражат тауып, толқуды баса алды. Алайда қордаланған мәселелері көп еді: қала көмірден үнемі тарығады. Кәсіпорын, фирмалар жаппай жабылып, жұмыскерлер қысқарды. Жалақылар төленбеді. Жергілікті жұртшылық ішімдікке салынып, мастардың бірін-бірі өлтіруі жиілеген. Әрине, асфальт жолдың жоқтығы да елді ығыр еткен.

«Жалпыресейлік халық майданының» өңірлік бөлімінің тең-төрағасы Юрий Абдуллаев ресейлік журналистерге «қалада әлеуметтік жарылыс пісіп-жетілгенін» мәлімдеді.

Сол тұста жергілікті белсенділер Ресейден кетіп, Қазақстанға қосылу идеясын ілгерілете бастапты. Олар сол кездегі Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдады. Белсенділердің 2016 жылғы үндеулері, мәлімдемелері әлі күнге дейін блогерлерге арналған қазақстандық Yvision платформасында тұр. Олар тұғырнамада RUBTSOVK деген ортақ автор атымен басылды.

Мысалы, 2016 жылғы 2 мамырдағы "Неге Рубцовскінің Қазақстансыз болашағы жоқ» деп аталатын жарияланымда «Алтай өлкесіндегі осы қаланың жүйелі түрде күйретіліп жатқаны», тек Қазақстан құрамында қаланың өркендеуге мүмкіндік ала алатыны айтылған. Көршінің тұрғындары шекараның бергі бетіндегі қазақстандық Алтай ауданы мен Алтай қаласының бой түзей бастағанын байқайтын болса керек. 

Ал Рубцовскідегі қалақұраушы ұйым – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Украинадан эвакуацияланған ірі кәсіпорын «Алтай трактор зауыты» 2010 жылы банкрот болды, қазір орнында тек үйінді қалған, бір келі металы қалмаған. Қаланың басқа өнеркәсібі жоқ.   

«Жергілікті тұрғындардың жалғыз бизнесі – Қазақстаннан контрабандамен тауар әкелу. Біздегі бизнестің барлық маңызды схемалары Қазақстанмен байланысты. Бөлінуді бизнесмендер де қолдайды. Демек Қазақстанға қосылсақ, ештеңе де өзгермейді», – десті Yvision-де рубцовскілік белсенділер.

Өнеркәсіп күйрегендіктен жолды жөндеу доғарылған, бұрынғы асфальт жер астына сіңіп жоқ болған. Бастамашылық топ өкілдері шекараның арғы жағындағы өмірге қызыға, қызғана қарайтындарын жеткізді.

«Қазақ билігі өңірлерді дамытуға көп көңіл бөлетіні анық көрінеді. Патриотизмді Мәскеу түбірімен жойды. Адамдар Қазақстандағы өмірді армандайды. Қырымда референдум өткізілуі бізге де үміт сыйлайды. Ол «Қазақстан бізді құшағына ала ма?!» деген үмітті оятты», – деп жазды Рубцовск тұрғындары.

Көк түріктің алтын бесігі – Алтай өлкесінің кез келген бөлігі қазақ үшін ыстық. Алайда мұндай бөле-жарылуға бағытталған бастаманы Қазақстан билігі құптай алмайтын еді. Себебі стратегиялық серіктестер әрі одақтастар – Қазақстан Республика мен Ресей Федерациясы арасындағы шекара делимитацияланған, бекітілген және қайта қарауға жатпайды. Оның үстіне Ресейге қарап, сілекейі шұбырған сепаратистер Қазақстан жағынан да табылатын еді. Сондықтан халқы қанша қиылса да, Рубцовск қаласын Қазақстан қосып ала алмайды.

Белсенділер тіпті «Халықтың еркі комитетін» құрмақ болды. Ақыры барлығы өңірге «Нацгвардияның» қаптауымен, белсенділердің ұсталуымен тынған көрінеді...

150 мыңдай тұрғыны бар осы Рубцовск қаласының «атағы» биыл қайта шықты.«Беларускі Гаюн» жобасына сілтеме жасай отырып, Би-Би-Сидің хабарлауынша, Украинада мародерлік жолмен табылған заттардың ең көбі пошталық сәлемдеме түрінде дәл осы Рубцовскіге бағытталыпты. Ресейлік әскерилер дәл осы қалаға Украинадағы үйлерден тоналған заттарға толтырып, ең кемі 130 жүк жөнелткен.

«Рубцовск – Қазақстанмен арадағы шекарадан 40 шақырымда, Алтай өлкесінің оңтүстік бөлігінде орналасқан қала. Өңір астанасы Барнауылдан 300 шақырымдай қашық жатыр. Басқа өнеркәсіптік қалалар секілді Рубцовскінің бақуатты өмірі 90-шы жылдары аяқталды. Ондағы қала құраушы кәсіпорын 1942 жылы Харковь пен Одессадан эвакуацияланған трактор зауыты негізінде құрылыпты. 2010 жылға қарай одан үйінді ғана қалды. Қаланың сәулет символдары да ұқсас күйде», – деп хабарлады BBC News тілшілері Екатерина Седлярова мен Анастасия Стогней.

Олар қалада Қазақстаннан жеткізілетін спирт ішімдіктері, темекі секілді контрабандалық тауарлардың бағасы ресейліктен екі еседей арзан екенін, мұндай өнімдерді жергілікті тұрғындар «казашка» деп атайтынын баяндады.

Уақытылы әкетілмейтіндіктен, қала үнемі қоқысқа бөгіп жатады. Жолдар ойқы-шойқы. Үйлердің де, ғимараттардың да көнергені сонша, қабырғалары өздігінен гүрс етіп құлайтын болған. Кеңестік «открыткаларда» бейнеленген, өзге өңірлерден 70 жыл бойы экскурсиялық автобустар қатынаған атақты «Дом под шпилемнің» төбесі 2021 жылы ортасына түсті. Жергілікті мэрия бас қатырмай, оны сүре салыпты. Тіпті полиция бөлімшесінде ғимарат ішіндегі дәретхана жертөлеге құлаған. 

ВВС журналистері жергілікті ЖЭО шығарындылары кесірінен Рубцовск үнемі көк түтінге көміліп тұратынын айтады. Миллиардер Андрей Мельниченкоға тиесілі «Сибирская генерирующая компания» (СГК) 2016 жылы жергілікті жылу-электр жүйелерін иелігіне алғалы тарифті күрт көтеріп жіберген. Соғыс басталғанда миллиардердің құны жарты миллиард еуродан асатын, 143 метрлік алып яхтасын Италияның тұтқындағаны жергілікті жұртқа біраз әңгіме болыпты.  

Бірақ ВВС тілшілерінің айтуынша, жергілікті тұрғындар жауынгерлерін айыптамайды. Бурятия сияқты, Алтай өлкесінің тұрмысы аса төмен тұрғындары амалсыз, болашағын армиямен байланыстырып, қуқы тірліктің құрдымынан шығуға тырысатын көрінеді. Нәтижесінде қалада №6720 әскери бөлімі жасақталып, олар Украинада соғысуда. Жергілікті тұрғындардың мәліметінше, солдаттар жібермек болған 130 "түйіншектің" тек үшеуі ғана қалаға жетті. Қалғаны «СДЭК» пошталық операторының Беларустегі бөлімінде бұғатталып жатыр. Оның кейбірінен (46 жүк) ресейлік солдаттардың өздері бас тартыпты.

Украинадағы соғысқа жауынгерлерді белсенді аттандырған өлкелердің бірі Рубцовскта батыстық санкциялардың ызғары сезіледі, қымбатшылық қысып барады. Мысалы, бала жөргегінің бір қаптамасы 900-ден 1300 рубльге, автокөлік майлары, фильтрлер, басқасы екі есе қымбаттаған.

Росстат және РФ Қаржы министрлігінің дерегінше, қойнауы қазынаға толы Алтай өңірінде халықтың 20%-дайының тұрмысы кедейшілік шегінен төмен. Тұрғындардың 81%-ының табысы несие төлеуге кетеді. Тұрғындардың бар-жоғы 10%-ы 45 мың рубльден жоғары айлық алады. Ресейдегі алапат қымбатшылық аясында бұл сонша қомақты емес.

Алтай өлкесі – тұрғындары ең көп кредит жүктемесінің астында қалған Ресейдегі кедей өңірлердің бестігіне кіреді. Орта есеппен әрбір алтайлыққа 278,4 мың рубль банктік қарыздан келеді.

Сарапшылардың және ресейлік журналистердің тұжырымдауынша, Рубцовск – Кеңес одағын қатты аңсайтындардың қаласы саналады екен. Сондықтан МемДумаға соңғы сайлауда рубцовскілік округ бойынша коммунист Мария Прусакова жеңіске жетті. Сонымен бірге тұрғындардың үлкен бөлігі Кремльдің «арнайы операциясын» қызу қолдайтын көрінеді. Оны YouTube-тегі осы өңірде түсірілген бейнероликтерден байқауға болады.

Журналистер қалада ағылшын алфавитінің соңғы әрпі және әскери символика бейнеленген көліктер көбейгенін мәлім етті. Өйткені жұрт ауыр өмірді жеңілдету үшін кредитке жаппай теледидар алады. Ал сананы улаған пропаганданың зәрлі үні шұрылдаған қарынның дауысын естіртпейді.

Дереккөз: Inbusiness.kz

Серіктес жаңалықтары

Сараптама