Halyq Uni логотип
×

Майқайыңдағы апат: тағы бір құтқарушының мәйіті табылды

Құтқарушының денесі 70 метр тереңдіктен жер бетіне шығарылды

 Динара Амантай 19.07.2024 | 16:40
Майқайыңдағы апат: тағы бір құтқарушының мәйіті табылды
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Бүгін «Майқайыңалтын» АҚ күшімен жер қазу жұмыстарын жүргізу кезінде 70 метр тереңдікте тағы бір құтқарушының мәйіті табылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, бұдан бұрын шахтаға құлаған 2 құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданған болатын.

Сканерлеу және автобустың нақты орналасқан жерін анықтау үшін «Алтыналмас» АҚ мамандары тартылды. Сканерлеу нәтижелері бойынша автобустың 12 метр тереңдікте орналасқаны анықталды. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу орнына Павлодар облысы ТЖД құтқарушылары барды. Олар «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС-мен бірлесіп мәйітті жер бетіне көтеріп, жедел-тергеу тобына тапсырды, – делінген ТЖМ хабарламасында.

Қайтыс болған адамның туыстарына психологиялық көмек көрсету үшін оқиға орнына ТЖД психологы да барған.

«МАЙҚАЙЫҢ-АЛТЫНДАҒЫ» АПАТ

Айта кетсек, 2024 жылдың 4 қаңтарында «Майқайыңалтын» АҚ шахтасында 4 құтқарушы мінген автобус опырылған топырақтың астына құлады. 2 адамның мәйіті жер бетіне шығарылды, тағы 2 құтқарушыны іздестіру жұмыстары қайта жанданған.

Апатқа ұшырағандардың отбасыларына 4,5 млн теңгеден төленді. 

26 қаңтарда «Майқайың-алтын» АҚ аумағындағы апатты тергеу жөніндегі комиссия жұмысының нәтижесі жарияланды. Соған сәйкес, комиссия 7 жауапты адамды анықтады. 

Олардың әрекеттері салдарынан топтық жазатайым оқиға болды, - делінген Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан ақпаратта.

Комиссия 4-24 қаңтар аралығында тергеу жүргізді.

Тергеуге 4 сараптамалық ұйым, оның ішінде Ресей сарапшысын тартып, алтын өндіруші кәсіпорынның куәгерлері мен лауазымды тұлғаларына сауалнама жүргізді. Сонымен қатар комиссия шахтаға түсіп, оқиға орнын зерттеген.

Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша апаттың себептері:

  • жұмыс өндірісін дұрыс ұйымдастырмау;
  • «Майқайыңалтын» АҚ жауапты тұлғалары тарапынан тау-кен жұмыстарының қауіпсіз жүргізілуіне өндірістік бақылау тиісті түрде жүзеге асырылмағаны;
  • блоктарды өңдеу кезінде қазбалардан құлау процесін бақылау тиісінше жүзеге асырылмағаны.

Сонымен қатар бұл бос орындарға тиісті бақылау жүргізілмеген. Ал тау массасы кенеттен опырылып түскен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама