Halyq Uni логотип
×

Министрлік Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін әзірлеп жатыр

Жоба үш негізгі бағыттан тұрады

 Динара Амантай 17.07.2024 | 16:21
Министрлік Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін әзірлеп жатыр
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі

Су ресурстары және ирригация министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Солтүстік Арал теңізін сақтау жөніндегі жобаның екінші кезеңіне дайындалып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министрлік басшысы Нұржан Нұржігітов қазір Дүниежүзілік банктің гранты есебінен жоба бойынша қажетті құжаттама әзірленіп жатқанын айтты.

Жоба үш негізгі бағыттан тұрады:

  1. Солтүстік Арал мен Сырдария өзенінің саласындағы инфрақұрылымды дамыту және гидрологиялық жағдайын жақсарту;
  2. Қызылорда облысындағы тұрақты экономикалық, әлеуметтік және экологиялық жағдайды қолдау;
  3. су ресурстарын басқарудың ақпараттық базасы мен жүйелерін жаңарту.

Жобаның бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша Көкарал бөгеті салынды және Солтүстік Аралдағы су көлемі 27,1 млрд текше метрге жетті. Екінші кезең су ресурстарын басқаруды жақсартуға, балық шаруашылығы мен экотуризмді дамытуға, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға және Солтүстік Арал теңізінде су жинақтаудың көлемі мен тиімділігін арттыруға арналған, – деді Нұржан Нұржігітов.

Айта кетейік, бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігінің Солтүстік Арал теңізін Арал қаласына дейін жеткізуді жоспарлап отырғаны айтылды. Оған Дүниежүзілік банк пен республикалық бюджеттен 200 млн доллардан астам қаражат бөлінеді. Вице-министр Болат Бекнияздың айтуынша, 2 жыл бұрын қазақстандық климатологтар Арал теңізінің құрғаған табанында климаттың өзгеруіне байланысты зерттеу жүргізді. Солардың болжамына сүйенсек, 2030 жылға дейін температура тағы 1,7 градусқа көтеріледі. 2050 жылға дейін 2,5 градусқа көтеріледі. Бұл әлемдік жылу деңгейіне қарағанда бірнеше есе жоғары. Сондықтан сол жердегі тұрғындар мен ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтарды климаттың өзгеруіне дайындау қажет. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама