×

Кіші Аралдың болашағы, Каспий теңізінің тарылуы: су ресурстары вице-министрі пікір білдірді

Маман Арал, Балқаш, Каспийдің жағдайымен айналысатын бір мекеме ашу қажет деп санайды

 Айгерім Таубай 26.02.2024 | 12:11
Фото: Halyq Uni / Жансерік Күзембай

Су ресурстары және ирригация министрлігі Солтүстік Арал теңізін Арал қаласына дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Оған Дүниежүзілік банк пен республикалық бюджеттен 200 млн доллардан астам қаражат бөлінеді. Бұл туралы вице-министр Болат Бекнияз айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Болат Бекнияз бір кездері Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясының директоры болған. Маман Арал теңізімен қатар Каспий теңізі, Балқаш көлінің келешегіне қатысты да пікір білдірді.

–  Арал, Балқаш, Каспийді сақтап қалу бойынша қазір қандай шаралар қабылданып жатыр?

–  Ауа температурасы көтерілгендіктен, су азаяды, буланып кетеді. Каспий, Арал, Балқаш – біздегі ең үлкен көл-теңіз. Аралды алсақ, 1960 жылдан бастап су деңгейі төмендеп келе жатыр. Бірақ Солтүстік Арал теңізін сақтап қалдық. Сырдариядан аз болса да, су жіберілді.

Каспий теңізінің су деңгейі төмен түсіп жатыр. Ол біріншіден, климаттың өзгеруіне байланысты. Каспий теңізінің деңгейі неге түсіп жатыр, ішінде қандай процестер болып жатқанын зерттеу үшін арнайы ғылыми зерттеу институтын аштық. Ол Ақтау қаласында болады, Атырауда филиалы ашылады. Ғалымдар мен мамандар Каспий мәселесімен тұрақты түрде айналысуы керек.

Бізде Аралды құтқару қоры бар. Сол мәселемен күні-түні айналысатын мекеме жұмыс істеп тұр. Каспий теңізінің жағдайымен де дәл солай айналысатын мекеме жоқ.

Келесі кезеңде Балқаш тұр. Балқашты бақылайтын да мекеме жоқ. Осы Арал, Балқаш, Каспийдің жағдайымен айналысатын бір мекеме болуы керек. Оның ішінде сарапшы, ғылыми зерттеу институттары да болғаны жөн.

–  Болжам қандай? 2030 немесе 2050 жылға дейін елдегі өзен-көлдер қандай күйде болады?

–  2 жыл бұрын қазақстандық климатологтар Арал теңізінің құрғаған табанында климаттың өзгеруіне байланысты зерттеу жүргізді. Солардың болжамына сүйенсек, 2030 жылға дейін температура тағы 1,7 градусқа көтеріледі. 2050 жылға дейін 2,5 градусқа көтеріледі. Бұл әлемдік жылу деңгейіне қарағанда бірнеше есе жоғары. Сондықтан сол жердегі тұрғындар мен ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтарды климаттың өзгеруіне дайындауымыз керек..

–  Бұл дайындыққа қанша қаражат бөлініп отыр?

–  Арал теңізі бассейні бағдарламасы бар. Соған қаражат тарту – Қазақстанның міндеті. Биылдан бастап Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етеді. Қаражатты халықаралық ұйымдар мен өзіміздің екінші деңгейлі банктерден де тарту керек. Қазірдің өзінде Арал теңізіне арнап карта ашқан банк бар. Яғни, әрбір пайдаланушы 1% кэшбэкті Аралды құтқару қорына береді.

–  Кіші Аралды қазіргі деңгейінде ұстап тұру үшін жыл сайын қанша көлемде қаражат керек?

–  Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу – бірінші жоба. Дүниежүзілік банктің берген қаражатына екінші жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды. Сараптамадан өтіп жатыр. Содан кейін Арал теңізінде жобаны іске асыру үшін, бірнеше инфрақұрылымдық жұмысқа Дүниежүзілік банк пен мемлекеттік бюджеттен 200 млн доллардан астам қаражат бөлінеді. Оны іске асырсақ, Солтүстік Арал теңізін Арал қаласына дейін жеткіземіз.

Оңтүстік Аралда су жоқ, тақыр жер. Ол жерге сексеуіл егу, сулы-батпақты жер қалыптастыру да екінші жобада қаралып жатыр. Тұрақты экологиялық жүйе қалыптастыруымыз қажет. Ол теңіздің орнынан шығып жатқан тұз бен шаң адамдарға әсер етпеуі үшін, ауыл шаруашылығына кедергі келтірмеуі үшін жасалады.

–  Жоба қанша уақытқа дейін жоспарланған? 

–  Жұмыс мерзімі – 8 жыл. Бөгеттер салып, жаңадан канал қазу қажет. Мәселе көп. Ол жобаның бірнеше компоненті бар. Біріншісі – Солтүстік Арал теңізін реттеу және Оңтүстік Арал теңізіне коллекторлық-дренаждық суды әкелу. Екіншісі тек Қызылорда облысына арналған. Оның ішінде фермер, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеуге болатын 40-тан астам жоба белгіленді. Балық өсіретін тоған жасау, жер асты суын пайдалану, туризмді дамыту секілді жоспар бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама