Ата-аналар жиналысы жаңа форматта өтетін болды
Барлық мектептер ата-аналар жиналысын өткізудің жаңа форматына көшуі керек. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов ведомствоның аппарат жиналысында айтты.
Министрдің айтуынша, ата-аналарды жинап алып, басқа адамдардың көзінше баланың үлгерімі мен тәртібін талқылаудың қажеті жоқ.
Оның орнына жеке, топтық, ұжымдық форматта ұйымдастырған тиімді. Мүмкін педагогикалық консилиум ретінде де өткізуге болар еді. Әрбір ата-анаға педагогтан өз баласының жетістіктері мен әлсіз тұстары туралы толық ақпаратты ала алатындай жағдай жасауымыз керек, – деді Аймағамбетов.
Білім және ғылым министрі ата-анамен қарым-қатынасты жаңаша жүргізуді маңызды деп есептейді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Аймағамбетов мұғалімдерге оклад бойынша ақы төлеу мәселесі шешілетінін айтқан. Сонымен бірге министр елімізде қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгеретінін айтты.