×

Талдау нәтижесінде 1-сынып оқушысына үш тілді меңгеру қиын екенін көрдік - Білім министрі

Орыс тілі 2-сыныпта, ағылшын тілі 3-сыныпта оқытылатын болды

 Динара Амантай 06.06.2022 | 18:13
Асхат Аймағамбетов, Фото: дереккөз

Елімізде қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов NUR.KZ порталының «Министрмен таңғы ас» бағдарламасына берген сұқбатында айтты.

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде ағылшын тілін білу қажеттілігіне күмәнданбау керек. Ғылыми мақалалардың 90%-дан астамы ағылшын тілінде, интернеттегі деректердің 60%-ы ағылшын тілінде жарияланады. Осыған байланысты жастардың үш тілді жетік меңгеруі маңызды мәселе. Алайда министрлік бастауыш сыныптардың оқушыларына қатысты осы тақырып бойынша зерттеулер мен талдаулар жүргізгеннен кейін бірінші сынып оқушысы үшін бірден 3 тілді бірден меңгеру қиынға соғатынына көз жеткізген.

Енді қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді. Біз баланың алдымен өз ана тілінде оқуды және жазуды үйренуі үшін тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Екінші сыныпта бағдарламаға орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылады. Орыс тілінде оқитын мектептерде 1-сыныпта орыс тілі мен мемлекеттік тіл, ал 3-сыныптан бастап ағылшын тілі болады, – деді министр.

Сонымен бірге Аймағамбетов мұндай зерттеулер мен ұсыныстар бұрын да болғанын, сол себепті оны енгізуді жоспарлап отырғанын айтты.

Еске сала кетсек, бұған дейін сенатор Марат Бақтиярұлы балабақша мен бастауыш сыныптарда үштілді оқыту жүйесін тоқтату қажеттігін айтқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама