111 дерекке қатысты іс қозғалды
Бюджеттен 19,2 млрд теңгені жымқыруға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Дмитрий Малаховтың басшылығымен өткен алқа отырысында белгілі болды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жиында агенттіктің бірінші жартыжылдық жұмысының қорытындысы шығарылды. Алқа отырысында есепті кезеңде мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін АЖ/ТҚҚ туралы заңнаманы жетілдіру және экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыссыздандыру бойынша жұмыс жүргізілгені атап өтілді.
Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде мемлекеттік органдардың бизнес қоғамдастықпен өзара іс-қимылының ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған 36 ақпараттық жүйе енгізіліп, жаңғыртылды.
Бюджет қаражатын жұмсау мониторингі шеңберінде құны 300 млрд теңгеден асатын 35 мемлекеттік жоба бойынша ЖСҚ-да бағаны негізсіз көтермелеуі анықталды. Агенттіктің бастамасы бойынша олардың құны 45 млрд теңгеге төмендетілді. 19,2 млрд теңгеге бюджет қаражатын ұрлаудың 111 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Азаматтарды алаяқтық схемаларға тартудан қорғау мақсатында қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты 22 тергеу басталды. Құқыққа қарсы мазмұндағы 14 мың сілтеме алдын ала бұғатталып, 100-ден астам құқыққа қарсы чаттар мен аккаунттар жойылды, – делінген ҚМА хабарламасында.
Жалпы, қылмыстық істер бойынша өтем 3,5 есе (48,3-тен 164,4 млрд теңгеге дейін), оның ішінде ақша 7 есе (11-ден 79 млрд теңгеге дейін) ұлғайды.
Жиын соңында Дмитрий Малахов көлеңкелі экономикаға қарсы күрес саласында бюджет қаражатын ұрлауды, контрабанданы, есірткі бизнесін және ұйымдасқан қылмыстық топтарды қаржыландыруды анықтау жөніндегі жұмысты күшейтуді, сондай-ақ адал бизнесті дамыту үшін қолайлы ортаны қамтамасыз етуді және кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау орбитасына тартудан қорғауды тапсырды.