JOLSHY салалық біліктілік базасы құрылды
Бүгінгі Үкімет отырысында автожол саласындағы мамандарды даярлауға қатысты мәселе қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, биыл жол саласында кадрларды сапалы даярлау үшін «Көлік құрылысы» мамандығының жеке бағыты ашылған. Сондай-ақ, «ҚазжолҒЗИ» АҚ мен Ғылым және жоғары білім министрлігі жыл сайын 1 мыңға дейін грант, оның ішінде 10 орынды докторантураға бөлу туралы келісімге қол жеткізді. Институт өз күшімен жыл сайын 250-ден астам автожол саласының мамандарын даярлайды.
Сонымен қатар, автожол саласы мамандарының біліктілігін міндетті түрде 5 жылда кемінде 1 рет арттыруды енгізу нормасы қолдау тапты. Құжат Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр.
Бұған қоса әрбір маманға рейтинг беріле отырып, автожол саласына тартылған барлық мамандардың, инженерлер мен студенттердің тізілімі қолжетімді болатын JOLSHY салалық біліктілік базасы құрылды.
Еске сала кетсек, бұған дейін биыл 12 мың шақырым жол жөнделетінін хабарлаған болатынбыз. Сондай-ақ, енді мердігер компаниялар жөндеген жолдарды 7 жылға дейін өздері күтіп ұстайтыны айтылды.