×

Биыл 12 мың шақырым жол жөнделеді

Жалпы автожолдардың ұзындығы – 95 мың шақырым

 Динара Амантай 09.07.2024 | 10:10
Фото: Halyq Uni

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында автожол саласын дамыту мәселелері қаралды. Көлік министрі Марат Қарабаев аталған салада қолға алынған жобалар туралы баяндама жасады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде жалпы автожолдардың ұзындығы – 95 мың шақырым. Оның 25 мың шақырымы республикалық, ал қалған 70 мың шақырымы жергілікті жолдарға жатады. Қазір республикалық жолдардың нормативтік жағдайы – 92%, ал жергілікті желінің көрсеткіші – 87%.

Биыл жол жөндеу және құрылыс жұмыстары 12 мың шақырымды қамтиды. Бұл – бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Жөнделетін жолдардың 8 мың шақырымы республикалық, 4 мың шақырымы жергілікті желіге тиесілі, — деді Марат Қарабаев.

Жылдың соңына дейін 7 мың шақырымда құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталады.

Жоспарға сәйкес, 1 955 шақырым болатын 4 автожол жобасында реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың 1 866 шақырымында жаңа асфальт қабатымен жол қозғалысы ашылды. Жобаларды іске асыруға 35 асфальтбетон зауыты, 1 656  техника және 3,3 мың жұмысшы жұмылдырылған.

Атап айтқанда:

  • Ұзындығы 879 шақырым болатын «Қарағанды – Алматы» жолының 400 шақырымында асфальт төсеу толықтай аяқталды. Қалған учаскелерінде жұмыстар жалғасып жатыр. Шілдеде аталған жолдың 83 шақырымы уақытынан бұрын пайдалануға беріледі;
  • жалпы ұзындығы 768 шақырым болатын «Талдықорған – Өскемен» автожолының 751 шақырымында асфальттың төменгі қабаты толық, ал үстіңгі қабаттың 391 шақырымы төселген;
  • шілдеде Жетісу облысында ұзындығы 91 шақырым болатын 2 учаске пайдануға беріледі. Жоба бойынша жұмыстардың қалған көлемі Абай облысы Аягөз қаласының айналмалы жолында жүргізіліп жатыр;
  • сондай-ақ ұзындығы 368 шақырым болатын «Атырау – Астрахань» және «Ақтөбе – Қандыағаш» жобалары іске асырылып жатыр. Бүгінде 60 шақырымы пайдалануға беріліп, 102 шақырымында асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталды, 206 шақырымында асфальттың төменгі қабаты төселіп жатыр.

Жалпы осы жылдың соңына дейін бұл нысандар толығымен іске қосылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама